АЙМАНОВ Шәкен (Шаһкерім) (15.2.1914, қазіргі Павлодар обл. Баянауыл ауд. Айман- бұлақа. — 24.12.1970, Мәскеу) — актер, режиссёр. КСРО Халық арт. (1964), КСРО Мемл. сыйл. (1952), Қазақстан Мемл. сыйл. (1968) лауреаты. Ауыл мектебін бітіріп, Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде, 1932 ж. Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылады. Кішкентайынан жездесі Қ. Байжановтың әндерін тыңдап өскен А. 1932 — 33 жылғы маусымнан театрға жұмысқа қабылданды. Ол алғашында Грамофонов (К. Погодиннің “Менің досымында”), Қодар, Керім (“Абайда”), Алдар көсе (Ш. Құсайыновтың “Алдар Көсесінде”), Исатай (I.Жансүгіровтің “Исатай-Махамбетінде”), Кассио (У.Шекспирдің “Отеллосында”) рөлдерін ойнады. Көп ұзамай Тихон, Великанов (А. Островскийдің “Талантгар мен табынушылар”, “Найзағайында”), Шадрин (Погодиннің “Мылтықты адамында”), Кидд (Б. Лавреновтың “Америка даусында”), Бретт (Дж. Гоу мен А. Дюссоның “Терең тамырларында”), Хлестаков (Н. Гогольдің “Ревизорында”), Казанцев (Әуезовтің “Түнгі сарынында”), сияқты классик. рөлдерді сомдады. Бұл тұлғалар ұлттық сахнамыздың сүбелі табыстарына жатады. А- тың актерлік болмысы тұлғалы, іргелі, көшелі кейіпкерлерді кескіндеуге бейім. Ол қазақ сахнасында романтик. театр мектебін қалыптастырды. Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло бейнелерін аса зор актерлік машықпен зерледі. “Мылтықты адам”, “Таланттар мен табынушылар”, “Намыс соты” атты аударма пьесаларды сахнаға шығарып, алғашқы реж. қадамын бастады. 1947-51 ж. Қазақ драма театрының бас реж. болды. А-тың реж. стилінде ұлттық бояу, сахналық айшықты түр іздеуі басым еді. 1949 ж. өз инсценировкасымен қойған “Абай” спектаклінде осы ізденістері анық көрінді. 1952 ж. спектакльге КСРО Мемл. сыйл. берілді. Абайдың ақындық әлеміне бала кезінен іңкәр болып өскен А. бұдан кейін де ұлы ақын туралы фильмге қатысты спектакль қойды. А., ең алдымен, актер еді. “Ақан сері — Ақтоқты” трагедиясындағы ақындық шабыт, әншілік толғаныс, таза махаббат, мөлдір сүйіспеншілік сезім, филос. ойлар, ұлттық тұрмыс-салт, әдет- ғұрып дәстүрлері А. режиссурасынан, ансамбль тұтастығына құрылған актерлік ойындардан көркем шешімін тапты. А. ғұмырының соңына дейін тынымсыз шығармашылық ізденісте жүрді. Өнер сапарымен әлемнің әр қиырында болып, өзі болған ортаның бәрінде қазақ халқының әнімен, өнерімен, дәстүрімен таныстырудан танбаған. Әр түрлі кинофестиватьдерде, симпозиумдарла Жан Габен, Жан Марэ, Лоуренс Оливье, Софи Лорен, Радж Капур, Френк Копра сияқты әлемдік киножұлдыздармен кездесіп, соларға еліктей жүріп, өзі сахнада, кинода ойнаған рөлдерін әлемдік биікке көтере білді. “Абай әні” (реж. Г. Рошаль, 1945), “Жамбыл” (реж. Е. Дзиган, 1947) фильмдеріне түсу арқылы кино өнерінің де қыр-сырын меңгеріп, осы саладағы жемісті жолын бастады. 1953-70 ж. “Қазақфильм” студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлес қосты. А. қойған “Махаббат туралы аңыз” (1953), “Алдар көсе” (1965), “Атамекен” (1966 ж. түсірілді, 1967 ж. Душанбе қ-да өткен Қазақстан және Орта Азия республика- лары кино өнерінің байқауында “Тау хрусталі” атты фильмі 1-жүлдеге ие болды), “Найза- тас баурайында” (1968) фильмдерінің бәрінен де ұлттық бояу сезіледі. Жұртты қыран-топан күлкіге батырған әндері, екінің бірінің аузынан түспейтін “Біздің сүйікті дәрігер” (1958), “Тақиялы періште” (1969) фильмдеріндегі әзіл-күлкілі көріністер мен қисындардың да табиғаты ұлттық дәстүрлермен тамырласып жатыр. Көп ізденістің нәтижесінде А. қазақ кино өнерінде де романтикалық-патриоттық мектептің негізін қалады. Оның соңғы еңбегі “Атаманның ақыры” фильмі реж. А. талантының шарықтау шоқтығы болды. Бұл фильм таза іріктелген актерлік құрамы, реж. сапасы, тех. орындалу деңгейі жағынан әлемдік талапқа сай шыққан туынды. А. Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының 1-хатшысы (1958 — 70) қызметін атқарды. Каир қ-ндағы Азия мен Африка елдері Халықар. және Мәскеу қ-нда өткен 3-халықар. кинофестивальдердің (1963) қазылар алқасы мүшесі болды. А. Ленин, Еңбек Қы- зыл Ту, т.б. ордендерімен марапатталған.Апаттан қайтыс болған соң, мүрдесі Алматыға әкелініп жерленді. Алматының бір көрнекті көшесіне (1972), “Қазақфильм” студиясына (1984) А. есімі берілді. Ол тұрған үй мен студия ғимаратына (1971 ж. осында музей кабинеті ұйымдастырылған) мемориалдық тақта орнатылған.