АЗЫҚ-ТҮЛІК САЛҒЫРТЫ — Азамат соғысы кезінде Кеңес үкіметі қолданған а.ш. өнімдерін дайындаудың төтенше жүйесі, “соғыс коммунизмі” саясатының негізгі белгілерінің бірі (11.1.1919 — 03.1921). А.-т. с. бойынша шаруалар өзінде өлместің күніндей ғана азық қалдырып, қалғанының бәрін мемл-ке міндетті түрде тұрақты баға- мен сатуға тиіс болды. Еркін сатуға, базарға шығаруға тыйым салынды. Барлық а.ш. өнімдері қатаң есепке алынып, оларды бөлуге бақылау қойылды. Қазақстан мен Түркістанға А.-т. с. 1920 ж. енгізілді. Губернияларға (обл- тарға), уездер мен болыстарға А.-т. с. белгіленді. Одан әрі әрбір село, ауыл, станица мен шаруа қожалықтарының өткі- зетін өнімдерінің мөлшері көрсетілді. Оны жергілікті кеңестер мен ревкомдардың қатысуымен азық-түлік отрядтары жинады. Бұл шын мәнінде шаруаларды тонау еді. Мемл-тің төлейтін де айырбастайтын да түгі жоқ болғандықтан, шаруалардың өнімі тегін әрі еріксіз тартып алынды. Ақша құнсызданып, өз мәнін жойды. Толық емес деректерге қарағанда, 1920 ж. Қазақстан шаруаларынан 44 млн. пұт астық, 5 млн. пұт ет, 333 мың пұт май және басқа да көптеген а. ш. өнімдері жиналды. Казақтар бұл кезде көп малынан айрылды. А.-т. с. артық өнімді ғана емес, қарудың күшімен шаруалардың соңғы үнеміне дейін сыпырып алды. Мұның өзі шаруалардың қарулы қарсылығын тудырды. Азамат согысынан кейін А.-т. с. саясатының жүргізілуі шаруалар көтерілісіне әкеліп соқтырды. Мұндай көтерілістер Орал, Ақмола және Семей обл-тарында болып өтті. Бәрі- бір тартып алатын болғандықтан, шаруалар артық өнім өндіруге ынталанбады. А.-т. с. а.ш. дамуын тежеді, егістің көлемі мен өнімділігі төмендеді, мал саны азайды. 1921 жылғы наурызда басталған жаңа экономикалық саясатқа байланысты А.-т. с. азық-түлік салығымен алмастырылды.