АЗЫҚ-ТҮЛІК ОТРЯДТАРЫ

АЗЫҚ-ТҮЛІК ОТРЯДТАРЫ — астық, азық-түліктің басқа да түрлерін дайындап, өнеркәсіп орталықтары мен Қызыл Армияға жөнелту үшін құрылған әскери жасақтар (1918 — 21). Олар Ресей Халық Комиссарлары Кеңесінің жұмысшыларды аштыққа қарсы күреске жұмылдыру туралы қаулысына (9.5.1918) және БОАК пен Халком Кеңесінің азық-түлік диктатурасын қолдану жөніндегі декретіне (13.5.1918) сәйкес құрылды. А.-т. о-н жасақтау құқы ірі кәсіпорындарға, уездік және қалалық кеңестерге берілді. Бұл отрядтар, негізінен, өнеркәсіп орталықтарында ұйымдастырылып, БОАК-нің декретімен (25.5.1918) Азық-түлік халкоматының жергілікті орындарында тіркелді, сол халкоматтың Азық-түлікті мемлекет қарамағына еріксіз алу армиясының құрамына кірді. Оған кірмегендерін Кәсіподақтардың Орталық Кеңесі (ВЦС ПС) мен Азық-түлік халкоматының жанынан құ- рылған (тамыз, 1918) Орталық әскери азық-түлік бюросының жергілікті орындары басқар- ды. А.-т. о. астықты шаруалардан тұрақты кесімді бағамен сатып алып, дәулеттілерден еріксіз тартып алуға тиісті еді. Алайда іс жүзінде бұл тәртіп үнемі бұзылып отырды. Олар шаруалардың да астығын еріксіз тартып алды. Қарулы отрядтардың жолсыздығы шару- алардың қарсылығын тудырды. А.-т. о. дайындаған астығының жартысын өздерін жа- сақтаған ұйымға, екінші бөлігін Азық-түлік халкоматына жөнелтті. 1919 — 20 ж. олардың халыққа қысымы одан әрі күшейді. Астық жинайтын және оны жинап болған соң мемл. қарамағына еріксіз алатын жаңа отрядтар легі ұйымдастырылды. А.-т. о-на Азық- түлік салғыртын жүзеге асыруды бақылау міндеті жүктелді. 1920 ж. Қазақстан жерінде мыңға жуық адамы бар 370 отряд жұмыс істеді. Олардың басым көпшілігі Ресейдің Мәскеу, Петроград, Иваново- Вознесенск, т.б. ірі қалаларынан келді. Жергілікті отрядтар тым аз жасақталды. Бұлар Азамат согысынан жүдеген елге жығылған үстіне жұдырық болды. А.-т. о. негізгі міндеттерімен бірге жиындар, митингілер өткізіп, саяси-үгіт, мәдени-көпшілік жұмыстарын жүргізді. Жаңа экономикалық саясатқа байланысты А.-т. о. жойылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *