АЗИЯ ШЕГІРТКЕСІ (Locusta migratoria migratoria), к ө к — қасқа шегіртке — тік қанаттылар отрядына жататын нағыз шегіртке тұкымдасы. Қазақстанда Сырдария, Іле, Жайық өз-дерінің және Балқаш, Алакөл, Сарыкөл, Зайсан көлдері мен Каспий т-нің қамыс пен құрақ өсетін жағалауларында, сондай-ақ Орт. және Солт. Қазақстан өңірлерінде де кездеседі. Олар өсімдіктерді, астық тұқымдас дәнді дақылдарды зақымдайды. А. ш-нің түсі қоңыр, жасыл, сарғыш, алдыңғы арқа бөлімі үшкір қырлы келеді, ұз. 35 — 55 мм болады. Ал жұмыртқасы сопақша — аздап доғаша иілген, қызғылт немесе сары түсті, ұз.- 6,5-8,5 мм. А. ш-нің жұмыртқалары қыста күбір ішінде топырақ арасында сақталады. Көктемде одан құрт тәрізді дернәсілдер шығады. Олар 35 — 45 күннен кейін, 4 рет түлеп, ересек шегірткеге айналады. 30 — 40 күннен кейін күзге таман шегірткелер 4 — 5 қатардан 55 — 115 жұмыртқа салады. Жаппай өсіп-өніп, көбейген жылдары А. ш. егін жайларға, пішендікке, мал жайылымдарына көп зиян келтіреді. Күрес шаралары: игерілмей жатқан жерлерді игеріп пайдалану; пішендік жерлерді суару және уақытысында шөбін шауып жинап алу; өнімдерге инсектицидтер шашу, т.б.