АЗҒЫНДЫҚ — кісілік қасиеттері ескерілмеген, адамгершілік талаптарынан тыс іс-әрекетке берілетін әдептік сипаттама. Оған, негізінен, қоғамдық пікірмен айыпталатын теріс қылықтар мен пиғылдар жатады. Зұлымдық, арамдық, күнәһарлық, нәпсіқұмарлық, имансыздық А-қа біртабан жақын ұғымдар. Халықтық дәстүрлі әдеп жүйесі А-тың айқын көріністеріне қанағатсыздықты, арсыздықты, ұятсыздықты жатқызады. Азғын адам халқына қасірет әкелетін, оның намысын аяққа басатын, адамгершілік қасиеттерден жұрдай адасқан тұлға болып табылады. А. көріністеріне мұсылмандардың киелі кітабы Құранда, пайғамбарымыздың хадистерінде әділ баға берілген. Әбу Наср әл-Фараби өзінің “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы” атты еңбегінде А. себептерін жан- жақты талдаған. “Адам туа бітті ізгілікке жақын ба, жоқ әлде зұлымдыққа бейім бе?” деген сұраққа жауап әзірге табылған жок. Кейбір ғалымдар адам жануарлар әлемінен шыққан, сондықтан соқыр сезімдер оның соңына ілесіп жүреді, адам өзіне-өзі абай болмаса жардан құлатпай қоймайтынын айтады. Енді бір ғұламалар “адам туғаннан сәби сияқты пәк, тек оны бүлдіретін қоғам” деген пікірді жақтайды. Шынтуайтқа келгенде адамзат туа бітті А-қа бейім емес. Өмірдегі жақсылықтар адам тіршілігінің барлық қырларын қамти алмайтындықтан А. туындайды.