“АЗАТТЫҚ” — 1950 жылы Мюнхеньде “Бостандық” деген атпен Халықаралық большевизмнен құтқару қоғамы құрған радиостансаның ізбасары. Алғашқы кезде орыс тілінде ғана хабар жүргізді. 1953 жылдан “А.” аталып, бұрынғы КСРО құрамына кірген барлық респ. тұрғындарының тілдерінде хабар тарата бастады. Қазақ тіліндегі хабарлары 1953 ж. 18 наурызда эфирге шықты. Хабарларды біртұтас Түркістан редакциясы [Бас редакторы — Асан Қайғы (Мәулікеш Қайболды), орынбасары — Вели Зуннун (өзбек)] даярлады. Бұл редакция қазақшаға қоса, өзбек, қырғыз, түрікмен және тәжік тілдерінде хабар жүргізген. 1967 ж. Түркістан редакциясы екіге бөлінді. Оның бірі “Оңтүстік Түркістан” (басқарушысы М. Ташмұрат) деп аталып, өзбек, тәжік, түрікмен тілдерінде, екіншісі — “Солтүстік Түркістан” редакциясы (Дәулет Тағыберлі) қазақ, қырғыз, ұйғыр тілдерінде хабар берген. 1968 ж. Түркістан редакциясы тағы да үшке бөлінді: “Түркістан — 1” (өзбек, ұйғыр тілдері бөлімі; басқарушысы — В. Зуннун), “Түркістан — 2” (түрікмен, қырғыз, тәжік бөлімдері; басқарушысы — М. Ташмұрат) және “Түркістан — 3” (қазақ тіліндегі хабарлар бөлімі; басқарушылары — Тағыберлі және Жәкен Бапыш). 1975 ж. бұл редакциялар жеке-жеке бөлініп шықты да, Қазақ редакциясын — Бапыш басқарды. 1988 — 95 ж. аралығында редакцияға Хасен Оралтай басшылық етті. 1995 жылдан оны (қырғыз редакциясымен қоса) түріктанушы ғалым, доктор Чарльз Карлсон басқарады.