Ауыл хабарлары
Амал туды,
Аз күнде жер құрғамақ,
Кеңсе мынау, қыр анау теңбіл қанат.
Былтыр болған концерттің афишасы,
Қабырғада әлі тұр «менмұндалап».
Егінжайда көктемнің кестелері,
Ерте кеткен жас жігіт кеш келеді.
Әкесіндей көреді қайын атасын,
Көршім менің жетім боп өскен еді…
Тас құдықтың үстінен қара қауға,
Мойын созды жас төл мен жаңа бауға.
Сол маңайдан шығады айылдай жол,
Байтақ Қазақстанды аралауға.
Түзейді шал қисайған шегелерді,
Күншуақты кемпірі егеленді.
… «Бақыттымын» дегенге өзің сеніп,
Өзгені де сендіргің келеді енді…
Есенғали Раушанов