АДЫРНА — жақтың (садақтың) негізгі бөлігінің атауы. Ағаштан, сүйектен, мүйізден иіп құрастырады. А-ға қайыстан, тарамыстан немесе жібектен керме жіп-кіріс байлайды. А-ның иіні, екі басы, белі әр түрлі ағаштан жасалып, иіні серпінді болу үшін мүйіз, белі берік болу үшін сүйек қабаттастырылып, өн бойы тарамыспен шандып байланады, сырты қайыңның тозымен қапталады. А. кері иіліп жасалады да, кіріс тағылғанда оған қарсы бағытта иіліп тұрады. Қатты серпінді А-лардан оқ атқанда шектей тартылған кірістің дірілінен гуілдеп дыбыс шығатындықтан, тілімізде “адырнасын ала өгіздей мөңіреткен” деген сөз тіркесі қалыптасқан.