АДЫРАСПАНТӨБЕ — көне қала орны. Жамбыл обл. Жуалы ауд. Дехкан шаруа қожалығының аумағында орналасқан. 1940 ж. Жамбыл археол. тобының жетекшісі Е.И. Пацевич зерттеген. Қала жұртының сақталған қалдығы екі қабаттан тұрады. Үстіңгі қабат аумағы 180×180 м, оңт. жағының биікт. 20 м, солт. жағының биікт. 10,5 м, ал астыңғы қабаттың аумағы 100×100 м, оның солт. жағының биікт. 2 м. оңт. жағының биікт. 0,5 м. Үстіңгі қабаттың ортасында аумағы 27х27м шағын бекінісі алынған. Қала қалыңдығы 5-6 м, қазіргі кездегі сақталған биікт. 0,5 м келетін дуалмен қоршалған. Оңт.-батыс бұрышқа қарама-қарсы 20 м жерде аумағы 30 м, биікт. 2 м шағын төбе бар. Ол ерекше тұрғын жай орны тәріздес. Қазба жұмысы жүргізілмеген. А-ден теріп алынған қыш ыдыстардың арасында кездесетін сырланған көзелердің жасалу тәсілдеріне қарап ғалымдар қ-ны 8 — 10 ғ-дағы өркениет орталығы болған деп есептейді.