«Ақ жалау», «Қазанбай», «Азалы күн» «Ауыл айшықтары», «Тағылым», «Жаратылыс» атты әңгімелер мен «Шөңтөбе, Шотай, Балдәурен» повестінің авторы Қази Данабаевты әдеби орта, әдеби көркем шығармаларға құмар оқырман ортасы ұмытпаса керек. Ол өзін ғұмыр бойы кемелдендіре білетін интеллектуалдардың сойынан еді. Замандастары Қазиды сол қасиеті үшін құрмет тұтты, тіпті оның шығармашылық әлеуетінен сол үшін де іш жиып жүрді. Балдәурен күндерімізден оқыған балшырынды дүниелері есімізден кетпейтін есіл қаламгердің «Философ» атты әңгімесін жария етіп отырмыз. Алдағы күндері Қарақұмда өшпестей ізі қалған қаламгердің әңгімелерін мүмкіндігімізше жария етеін боламыз.
(ӘҢГІМЕ)
Есмұхан айтулы университеттің философия факультетін қызыл дипломға бітіріп, сол құдіреті күшті философияның арқасында айқұшақ қапқан аспирантураның өзін жоққа шығарып, қиялы құмның ортасындағы аулына оралғанда, төрінен көрі жақын кемпір-шал жалғыз ұлдың жолын жұлдыз күткендей тосып отыр еді. Әкесі байғұстың татар дәмі тақылданып-ақ қалыпты. «Қолын жылы суға малмақ» түгілі, баласының не бақанға өрмелейтін, не бақыр жамайтын мамандық алғанын білмей-ақ, бұл дүниеден жүріп кетті. Тұрақсыз жайлаудан ақ отауын көшіріп, тұрақты табанға қайта тікті. Өмір деген осы енді…
Ағайын-тума түгел жиналып жылап-сықтады, мұның да көңілі бұзылғаны сонша: көз жасына иелік жасауға да әрекеттенбеген. Жұрт: «белінен бейнет кешкен байғұстың, рақатын тізесіне жеткізбеген қу құдайлап» дауыс шығарса, бұл жылауық жандардың есік пен төрдей қысқа ғұмыры үшін, ертең әкесі жүрген қасқа жолмен көшкен керуендей қыр асарын ойлап бордай үгітілгені-ай! Түптеп келгенде, бәрінікі бір қайғы. Жастың түрі де, түсі де жоқ, сосын жігі білінсін бе?
Адам аяғы суып, абыр-сабыр басылған-ды. «Ой мен дене үздіксіз қимыл-қозғалыста болуы» үшін қызыл дипломды газетке орай салып, Есмұхан мектеп директорына келген.
— Ай, басыңда ми жоқ! — Қолда өскен бала ғой, ирелеңдеген арық кісі өзімсінгендіктен біраз жерге апарып тастады. — Басыңда ми жоқ болса, екі аяққа зор келеді. Мына қызыл дипломды құмға көмуге әкелдің бе деймін, сен. Жер күнді емес, күн жерді айналады деп қарсы дау айтсаң да, атағын алып, ақшасын жеп, Алматыда жүре беретін баласың… Айдай әлемді ақылмен айналсаң да енді маған пендесің…
«Соншалықты үғынықты, ауыл аспанындағы тіршілік философиясы, бірақ қандай мөлдіреп тұр. Не деген ғажап! Қарақұмның қасіретінен пәктік, қулығынан да тазалық табасың!» — Оқтын-оқтын көзін көлегейлеген көк шулан шашты саусағымен тарақтай қайырған ұстазының әр сөзін ой зердесінен өткізіп, салмақтаған жігіт күлім қағады.
— Қарағым, — деді сәлден соң директор жылғаланып аққан қар суындай жинақы үнмен. — Мен осы жасымда біразды көрдім. Әйтеуір, аз ғана өмірде ренжімей өтсінші деп пенсияға шығарында Сманның бәйбішесіне ән-музыкаға қосып, дене тәрбиесін де бердім… Қаланың қақ ортасында машинасы көлденең жатқан көк тасқа соғылып, правосыз қалған Талқыбайға да қидық еңбекті. Бала-шағасы жүдемесінші құрғырдың… Тырбанып көріп еді, тіршілігі жаман емес. Қош деңіз. Ал жеті қат жердің астындағыны оқып тауысқан саған не дауа! Бірақ өз ынтызарың — мәтимәтика ма, әлде әдебиет пе? Қай салаға бағыттарымды білмей далмын. Шіркін, пилосопия осы ғой!.. Отырасың…
Біраз кеңескен соң ең лайықтысы интернаттың тәрбиешілігі деп мақұлдасты.
Сегіз жылдық мектеп үшін кесіп-пішілген интернат көлемі мен бала саны жағынан дөңгеленіп тұрса да, жұмыс түрі қилы-қилы көп екен. Күн сайын сан-сапалақ оқиға. Көлденең көк аттыға мінгесіп, аулына қашып кеткен әр оқушы үшін сандалатынын айтсайшы. Өзара шекіскен екі балаға төрелік айтудан қиыны және жоқ. Жардай жаратылысының қай жерінен жуастығы баттиып көрінетінін, мұғалім деп шайтаны сескенсейші, екі иығынан жұлып жеуге бар. Бірақ, бұл ренжімейді, қабақ та шытпайды, ерінбейді, жалықпайды. Апта сайын ауыл орталығындағы моншаға бастап баратын да өзі. Монша деген дабырайған аты да, заты — бұлар кірген бөлмеде бұрқ-сарқ қайнаған қара қазан. Екінші тай қазанда мұзы қалқыған салқын су. Араларында қайсысына құлап кетер деп қолмен қалқалап, ебедейсіз денесі өрттей қызарған Есмұхан. Бала жарықтық тәрбиешінің қызыл дипломы мен философиясын қайтсін; қан жылым суды ұрғылап бұған да шашады, тас төбесіне де төңкереді, жын ойнағандай аласапыранын шығарып бара жатқандары. Сонда да ешқайсысына зәр шашып, ашу шақыруды білген емес. Бір тобын тырнадай тізбектеп апарады да, балапандарын шұбыртқан ата қораздай қоқиып, екіншісін ертіп кейін қайтады. Ер балалар қазандығы ұядай тар моншаға үш кезек шомылса, легенін жан бауырлай басқан Есмұхан таң азаннан қара кешке дейін сонда отырады деген сөз. Төзімділік педагогтар үшін бұлжымас заңдылық деп түсінетін жігітті шын састырған — бірінші класс оқушылары. Бір күн кәмпит десе, екінші күні өткізгені бардай пешеней сұрап қыңқылдайды. Үнемі күміс тиындарды шылдырата беруге шамасы бар ма? Жоқ болғасын, бір кезде білім берген ұстазы ғой, салып ұрып директордан шыққан. Аутаңдаған жігітті әлі күн балаға есептеп, аңғалдығына ептеп сүйіспеншілігі де жоқ емес, мектеп басшысы жайбарақат күлімсіреп отырған. Есмұхан төбесінен түскендей тоңқ-тоңқ етті.
— Ағай, сіз осы материалиссіз бе, әлде идеалиссіз бе?
«Мынаны бірдеңе қаққан ба?» дегендей шүңірек көзі үңірейе тесіліп тұрды да күліп жіберді.
— Әй, сандалмай, шаруаңды айт!
— Жо-оқ! Шаруам сосын… Әуелі маған материалист, не идеалист екеніңізді мойындаңыз… — Бала меселін қайтара алмаса да, жігіттің кей-кейде кежегесі кейін тартатыны, жонбай мінезі соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Қасарысса қан алар қазір. Директор алғашқыда үлкендік жасап: «дабай, қайқай» демекші еді, тағы да ойланды. Көңілі ә дегеннен «материалиске» шапқан, оның екінші аты «дүниеқоңыздық» шығар деп тайсақтады. Қыпыл қаққан күйі «идеальный жігіттер» жайлы есіне түсірген, көбісі қылмыскерлер. Ойда жоқта өне бойын қуалай жүгірген күдік басына шапты. Сосын сыбырлап қана:
— Немене, Есмұханжан, жоғарыдан сондай қағаз бар ма? — деді. Мына бір тас емен екен, бағанағы сөзін қайталап тапжылмай отыр. Философ директордың, директор философтың ойына бойламай аң-таң. «Өзім өсірген текешік» деген ұстаздың шәкіртіне деген өкпесі қара қазандай. Біраз толғанғасын тәуекелге бул буып:
— Пенсия жасына келген адамнан несін сұрайсың, қарағым, ептеп екеуінен де құр алақан емеспіз енді, — деп тәрбиешінің жүзіне сынай қарады.
«Не деген адалдық!» — Өңі алабұртқан Есмұхан шабыттана сөйледі.
— Мына дүниеде, тіпті иесіз галактикада күніне қыруар жаңалық. Өйткені айдай әлемнің үстіндегі қылт еткен тіршілікке дейін ілгері қарай дамуда. Табаныңның астындағы қара топыраққа қараңызшы, ертең со күйінде көрер ме екенсіз. Күздің шуағы, көктің бұлты күн санап қырық құбылады. Елімізде қаншама оқиғалар. Ал енді интернаттың тамағы неге өзгермейді?.. Осыдан он жыл бұрынғы макарон мен күріш… Бәрі де уақытқа қарама-қайшы… Кәмпит, пешеней дегенді аяйсыз ба?..
Әңгіме ешкімнің нұсқауынсыз жігіттің өз көкірегінен шыққанын енді-енді сезген директор мұндай қуанбас. Қуанса да, кәрін қабағына түйіп, ал кеп ұрыссын. Тіпті қатты-қатты зекіді.
— Ай, басыңда ми жоқ. Солай деп бірден айтсаң нең кетеді, пәтшағар! Қой, сен пилосопияны. Ондай кітаптардың менде жүзі бар, керек болса. Мә, қара!.. — «Еңбекшілерге ақы төлеу тәртібі» атты брошюраны алдына шиырып тастады. — Оқы. Сауатыңды аш! Дүниедегі жалғыз білгіш сенбісің? Зәрем ұшып кеткенінші, табан астынан жік шыққанға. Балаларға кәмпит беретіндей интернат курорт па екен? Күйдіреді ғой, ай дей ме, аспан дей ме? Сенің міндетің завхоздық емес қой, қарағым-ау, балаға тәрбие беру. Есіртсең не демейді, олар бүгін — түйеге, ертең — самолетке мініп айға ұшуға бар. Ұшасың ба? Пилосопияңның құдіреті келсе, апарып сал сол жаққа. Атаңа мың да бір рахмет айтайын. О, несі!
Басшының алдынан беті қайтып шықса да, тынымсыз қызметіне наразылығы болған жоқ Есмұханның. Ғарыш кеудесінен көз салғанда интернат балаларының еркелігі, тентектігі, ойнап-күлгені — бәрі де аквариум ішіндегі балықтардың өрісіндей шектеулі. Ренжитін бір шаруасы бар: қиялдауға мұрса жоқ, уақыт тығыз. Әсіресе жұмыс қыс айларында қанасынан асып төгіледі. Үй мен интернаттың арасында қарды қашыр-қашыр басып жүріп: «Аяғымның астында сықырлақ жатқан қар емес, қыңсылап жатқан уақыт-ау», — деп күйзеледі. Күміс күндерді айдалаға уыстап шашқан ауылдағы бостекей жүрісті бозбалаларға разы емес.
Қойшы, ақпан айын да кеулеп, кеуде тұсына жеткен кез. «Келін әкел» деп құлағының құрт етін жейтін шешесі бүкеңдеп жүріп, бір аққұман кешкі шайын алдына қоя берген, есіктен апыр-топыр интернаттың екі оқушысы кіріп келді.
— Ағай, Мырзаев ауырып жатыр.
— Ауырғаны несі, жаңа ғана құлындай ойнап жүр еді ғой. Біреу-міреу ұрғаннан, құлағаннан сау ма өзі?
— Сау!
— Сау болса неге ауырады?
— Білмейміз. — Таңырқағандай иықтарын көтеріп міңгір-міңгір етеді.
— Кешкі тамақтың үстінде үзбен нанын түк қоймай түгескен, ботқаға қақалып-шашалып жылады да, шайнағандарын қайта тастады.
Бұған тезірек түтін түтетіп, немере сүйгізудің орнына, тілегі жұртқа ауып, күндіз-түні үй көрмейтін ұлына күйінген кемпір шала бүлінді.
— О-о, қылтамақ келгір, сенің басыңды жұту үшін әдейі ішпей жатқан шығар. Бұ қағынды келгірлер қара суыңды аузыңа апармай босқынға ұшыратады, босқынға. О заманда бұ заман бірін жеп, екіншісін құсқан не бәле. Тамағына тас кетті дейсің бе, адам құсап асыңды ішсейші. — Кемпір сөйдеді де кемсеңдеп кетті. — Осылай, осылай енді жүре бер соқайып. Қазір сүйреп тастасаң да бәрібір мені, ертең өлемін… Өлемін ал!..
Не өзі, не жақыны сырқаттанып, тауқымет тартпаған жігіт күйзелісін әрең көтеріп, ауырсына түрегелді бұл жолы. Ауыз үйдегі аяқ киіміне сүрініп-жығылып жүріп, қайта тәптіштейді.
— Ауырды, ә!
— Ауырды. Маңдайынан тер бұршақтап, аузын аша береді.
— Әй, дұрыстап сөйлесеңдерші!.. Аузын ашқанда айтатыны бар ма өзінің?
— Жоқ, сөйлемейді. «Мұрным» деп созып жылайды. — Шабарманның біреуі жымың-жымың етеді. — Нәңкі апай қоймағасын «мына сорлыға дем жетпей жатыр, тездетіп тәрбиешіні шақыр» деген.
— Ойпырмай, алдымен доғдырға жүгірмедіңдер ме? — Есмұхан мұны омырауы айқара ашылған пальтосын қусырынып жатып міңгірледі.
Жұлдызы жамыраған қысқы түнде ауыл шетіндегі тәпелтек үйден шығып, екі баламен асығыс адымдаған тәрбиеші өзі ойылатын жылауық қарды қаршылдата басады. Бұл жолы табан астынан ит үріп, ат ауыздығын шайнап жатқандай, демдері бұрқыраған күйі бақан басындағы шам жарығын қуалап екпіндеп келеді. Көз алдында белгісіз дерттің құрығына ілігіп, күйрей құлаған — Мырзаев! Мінезі тұйық, оқу тоқсаны бітпей сабақтан ертерек қашып, кеш қайтатын қи табан шаруаның баласы. Ата-анасын әлі күнге көрген емес, өзінен бір-екі жас қана үлкен апасын білетін. Жұтаңдау киінеді, сабаққа да зейіні орташа оқушылар. Бірақ Мырзаевтың тамаққа деген ықыласы елден ерекше. Денесінің қораштығына қарамастан қосымша сыбаға сұрап, асқа да, асханаға да көңілі толмайтынның бірі. Осы мінезінен бе, жолдастары «Жем шелек» атаған. Қомағай оқушыны талай мәрте қарсы отырғызып, ұлы адамдардың тамаққа деген шектен тыс тәбетін тежей білгенін үлгі етіп те көрген. Атақты философ Аристотельдің өзі қанадан аспас үшін ағаш табағының айналасын кеміріп, ақыр соңында мысықтың шүңгіл ыдысындай ғана көлемді місе тұтқан. «Аштықта емес, мәселе қанағатта» деген данышпанның қағидасын жанын салып түсіндірді-ау. Түсінсе де «осылар мені түбі аштан қатырар» деген Мырзаевтың іш пікірі бар ма, қысқы каникулда аулынан жарты қап арқалап келді. Іші толы — таба нан. Енді асханада көп қыңқылдамайды, тамақтан кеткен есесін қатып-семген наннан алады. Елде жоқ үрдіс. Есмұхан біраз бас қатырып, бұл әдет бітім-болмысына отбасынан ұялаған деген ойда.
Бұлар интернаттың бесінші бөлмесіне енгенде, жып-жылтыр темір сырықшаны науқастың мұрнына қайта-қайта жүгірткен ауылдағы фельдшер қыз осында отыр. Айтқандай-ақ, Мырзаевта сүдін жоқ. Дәрігер әлі де о жер, бұ жерін қолмен шарлап:
— Азанда ауданнан санитарлық самолет шақырамыз. Полипп болу керек. Басқаша жағдайда мұрнына операция жасайды, — деп жинала бастады. Операцияның мәнісін қасындағы көзі бұлаудай апасы жақсы ұғынды ма, иығы селкілдеп егіл-тегілі шықсын. Бір-біріне жаны ашып жылаған балаларды қалай жұбатудың ретін таппай тәрбиеші де састы. Мұрны біткен Мырзаев емес, құдды өзі сияқты, құлақшынының астынан саулаған тер сорғалап, иегімен жорғалайды.
…Ауыл сыртындағы аэродром басында қақырадан соқпалап салған екі бөлмелі мұздай үй бар. Таң алагеуімнен Есмұхан мен Мырзаев осында. Санитарлық самолеттің келер уақыты беймәлім, ұзақ күтуің мүмкін. Суық шалмасқа науқастың аузы-мұрнын жылы шарқатпен бастыра байлаған тәрбиешінің өзі еді, онысы — көрер көзге оғашырақ. Мырзаевтың басының орамы беліне жетеқаба. Міне-сала ұшатын бүгін жолаушылардың да арнайы маршруты жоқ, ауданға жеткенше асау тайдай мөңкитін «АН-2» күн ара ғана қатынайды. Біраз отырды.
— Мұрныңды тартып көрші, — дейді кездейсоқтық деген ұлы ұғымға арқа сүйеген Есмұхан тыныс жолы ашылып кетер деген есек дәмемен.
Мырзаев шынымен-ақ тартатын болса керек, маңдай терісі жиырылып, кіржие түйінделіп тұрады да, қос қабақтың арасымен лықсып төмен құлайды. Бәрін қалт жібермей бақылаған бұл, өмір үшін күрескен шәкіртінің жігеріне дән риза. Қас қылғандай мұрнында пыс еткен сыбыс жоқ, тым-тырыс.
Аяз құрсаулаған есік шақұр-шұқыр ашылғанда жалт қарасқан, табалдырықтан суық ауаны сүйретіп ферманың байырғы веттехнигі келеді. Ұзын қонышты етігінің қарын қаққыштап та жатыр, сөйлеп те жатыр.
— Ойпырмай, әліксалам, бала! Қырсық шалғанда, қалаға қарай құс та ұшпай қалғанын көрмейсің бе? Өркенің өскірлер, сендер самолет шақырды дегенді естіп, үйден тұра шапқаным. Уһі!.. Өкпем өшті ғой! Ілесе кетейін… Ауырған қайсыларың еді? Е-е, сен кім болдың? — Мырзаевқа тесіліп біраз кідірді. — Аузы-басыңа не жау тиген?
Есмұхан баланы мазаламасқа мән-жайды түйірін түсірмей түсіндірген, веттехник үдеп барады.
— Шырақ-ай-ау, қайдан білейін! Әй, ха-ха-ха! Түймедей мұрның үшін үй аумағындай самолет алдырмақсың, ә! Менің со қалаңда қыруар шаруам бар ал. Айтсам, мынадай мұрынның жүзіне татиды…
— Аға, басың ауырсын, башпайың жаралансын, қиналатын адам баласының бір жаны емес пе? — Төзімі таусылған Есмұхан тура шабуылға көшті. — Өзіңіздің қай мүшеңізді кішкентай, әрі керексіз деп кесіп тастар едіңіз? Салыстырмалы түрде болса да, саналы тіршілік иесі біз ғой. Өз шаруамызды өзгенің қасіретінен артық санау — әрі кемсітушілік, әрі басқаны бақытсыздық сорына итеріп тастағанмен тең. Карл Маркстің «Экономикалық-философиялық қолжазбалары» атты еңбегін білесіз ғой. Сондағы «Киелі шаңырақта» бақытсыздық туралы не деп еді?
— Ойбай, қарағым, не айтып кеттің?! Ғафу ет! Ғафу етіңіз… — Веттехник қызарақтаған философтың жүзіне күдікпен қарап, сөзінен секем алған. — Мұның самолетінің маған пайдасы тимесе, зияны бар ма? Кірпігі түссе де келіп тұрсын ал! Самолет деген екі туып, бір қалғаным емес, келіп тұрсын!.. Айтпақшы, ауырған кімнің жұрағатынан еді? Иә, сол екен ғой! Өзі қайсысынан екен? Кейінгі шешесі құрсақ көтермеді деп естідім, жаңылмасам. Солай-солай!.. Қай жылы әкеңмен қойдың өрісінде жолықтым. Ол итің менімен түйедей құрдас. Атымнан шөт-шөт аударып тастамады көсе неме. Биыл ма төсек тартып жатып қалды деген, ішкен-жегенін өзі тастап келетіндей ме, әйтеуір? Бәрі, бәрі ойын, айналайын, мұрныңның да амандығы жақсы…
Веттехниктің сөзіне мағынасыз көзбен тесіле қарап, қабағында реніш-қуаныштың реңі байқалмаған оқушыны іштей аяса да, бір жағынан қуанды тәрбиеші. Бала жанын жарақаттайтын шақпа тіл кішкене жүрекке жетпесе деп тілеген, жетпеген тәрізді. Өзі кез келген сәтсіздіктің бастауы үлкен рухани жетіспеушіліктен туатынын тұспалдағанына дән риза. Шешесі дүние салып, әкесі төсек тартқан сал ауру болса, мұнан Мырзаев үшін кем қайғы ма? Яғни балғын кеудені кернеген қасіретті тап басып танымаған кінә өзімде, жалаң философиямда деп түйді. Күнделікті қарапайым бұрылыс-қиылыста дұрыс жол табуға да өмірдегі нақтылық қажет. «Карл Маркс те біржақты гуманист емес қой, материалистік тұрғыдан қараған».
Веттехник баланы бар ықыласымен қолға алыпты.
— Шыныңды айтшы, ешқандай саңылау жоқ па? Бұл ағаң да біраз жыл ем-доммен айналысқан. Нанбасаң, жүзіме тура қарашы! Қарадың ғой? Енді бар күшіңді жинап «Өлдім» деші.
Мырзаев «өлдің» мезіретін жасады да, әрі қарай тым-тырыс.
— Әне, әне, көрдің бе? Көзің енді жетті ғой. — Веттехник мұнымен бәстескен жанша қолын кескілеп сөйлейді. — Бұл түйеде кездесер мұрын құрты ал!.. Кеселін қолмен сылығандай талайын боздатып қойғанбыз. Қазір бізбен оқығанның көбісі адам доғдыры. Осыны Мәскеуге апарғанда да құрт демесе, менің атымды басқаша қой. Солай…
Таң алагеуімнен тосқан самолет бульдозер тегістеген алаңқайға селкілдеп, түс әлетінде әрең қонды.
Аудандық поликлиниканың лор дәрігері Есмұхан құралпы жас жігіт екен, маңдайындағы жарқылдақпен мұны бір-екі айғыштап өтіп, Мырзаевтың танауына шүйілді. Қолына қылдай пинцеттің неше түрін алып, түрткілеп берсін. Сәлден соң мұрын ішінен бірдеңені сумаң еткізіп суырып алғаны. Бажайласа, қағаз! Математика парағынан жыртып, әбден шиыршықтапты. Мырзаевтың түсіне кіріп-шықпайтын күрделі теңдеуге дейін ап-айқын. «Тыныс жолының бірі бөгелсе, екіншісі өздігінен бітеледі» деген дәрігер жігіт өзін ұстай алмай селкілдей бастағанда, тәрбиеші кеңкілдей күлді. Мұныкі — Мырзаевтың амандығына шаттанған қуаныштың күлкісі. Ара-арасында «айтпадың ба?» дегендей шәкіртіне қарайды, анау «ұялдымды» көзімен ұқтырып, маңдайына іркілген моншақ терді жеңімен сүрткілейді.
Тәрбиеші мен оқушы іркес-тіркес тысқа беттеді. Есмұханның алыстан ат сабылтып жеткен бейнеті лезде ұмытылғандай, сергек. Қайта бала бойына мін боп жабысқан қомағайлық пен немкеттіліктің кілтін тапқанына мәз. Енді оған тәртіп беріп, ақыл айтқаннан гөрі, бүкіл әлемнен сезім жылылығын себелеп төгер күншуақ іздемек. Өйткені, жетімдік түбірге де сүріндіреді, сүрінсе, мұқайды. Ал бұл оны әрдайым қолтығынан демей жүрмек.
Көкірегінде әлдеқандай көңілділік. Тәтті бір қиялға бөленген жігіт дариядай қала көшесімен аутаңдай басып барады. Ізінде — Мырзаев!