АДАМ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ФИЗИОЛОГИЯСЫ ИНСТИТУТЫ, Қазақстан ҒМ — ҒА-ның ғылыми-зерттеу институттарының бірі. 1945 ж. құрылған. Оның лимфа және қан айналысы, ас қорыту, лактация (сүттену), нейрогуморальдық реттеу, бейімделу және лимфалық жүйе физиологиясы лабораториялары бар. Негізгі ғыл.-зерт. жұмыстарының бағыттары: лимфаның құрамы мен қасиетінің өзгеру заңдылығын, түзілуін және оған әсер ететін факторларын, ас қорыту, жүйке жүйесі, ішкі секреция бездері қызметін зерттеу.
Құрылғаннан бері ин-т ғалымдары гисто-физиол. зерттеулерін (Н.О. Базанованың басшылығымен), адамның естен танып ауыратын дертін емдеу жолын (А.П. Полосухин); фистулалық әдіс арқылы малдың ас қорыту ерекшелігін білу (Қ.Т. Тәшенов); ірі қара малдың сүттілігін арттыру, бие сауатын “Темп” аппаратын шаруашылыққа пайдалану жолын (Х.Д. Дүйсембин) ұсынды. Сондай-ақ диспепсия, энтерит дертін емдеуге қажетті кермек және таран өсімдіктерінен жасалған тұнба ерітінділерін алу, киікоты өсімдігінен жасалған дәрімен жүрек ауруын емдеу жолын (Ф.Ж. Жұмағалиева); Қазақстанда экол. жағдайдың нашарлауына байланысты қолайсыз факторлардың (қорғасын, улы газ, т.б.) организмге зиянды әсерін және одан қалай сақтану жолдарын, ауыр металдардың қан мен лимфаға, бауыр мен бүйрекке, денедегі зат алмасу, ас қорыту, сүт шығу процестеріне әсерін анықтайтын ғыл.-зерт. жұмыстарын жүргізді. Адамның ғарышты игеруіне байла- нысты ғыл. бағдарлама бойынша зерттеулер жүргізілді (мыс., Қазақстан ғарышкерлері Т.Әубәкіров пен Т. Мұсабаевтың ғарышқа ұшар алдындағы және жерге қонғаннан кейінгі қанының құрамы зерттелді).