АДАМ АНАТОМИЯСЫ

АДАМ АНАТОМИЯСЫ — (латanatome — кесу, бөлшектеу) — адам денесінің құры- лысын, пішінін, — қимылдарын, мүшелердің өзара қарым- қатынасын зерттейтін жараты— лыстану ғылымының бір саласы. А. а-ның негізін салушы — ежелгі рим дәрігері Гален (133 — 211). Одан кейін шығыс ғалымдары: ар-Рази (864 — 925), — Әбу-л-Уәлид Мұхаммед ибн-Рушд (1126 — 1198), Әбу Әли ибн Сина (Авиценна) (980 — 1037) А. а-на елеулі жаңалықтар қосты. Қазақ даласында А. а. мәселелері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (15 ғ.), X. Досмұхамедов (20 ғ.) еңбектерінде баяндалды. Бүкіл тірі организмдер сияқты адам денесі клеткадан тұрады. Клеткалар клетка аралық затпен қосылып тін (ткань) құрайды. Тін: эпителиалдық, дәнекерлік, бұлшықеттік, жүйкелік болып 4 топқа бөлінеді. Тін қосылып орган құрайды. Жалпы құрылысы мен дамуы біртектес және ортақ қызмет ат- қаратын органдар — органдар жүйесіне біріктіріледі. Шығу тегі мен құрылыстары ұқса- майтын, бірақ ортақ қызмет атқаратын органдар — органдар аппараттары деген топқа бөлінеді. Органдар жүйелері мен аппараттары адам организмін құрайды. Органдар бірнеше жүйеге бөлінеді: 1) тірек-қимыл аппараты; 2) ас қорыту жүйесі; 3) тыныс алу жүйесі; 4) несеп-жыныс аппараты; 5) жүрек-тамыр жүйесі (бұл жүйе өз ішінде қан жасап шығаратын және иммундық жүйе органдары болып бөлінеді); 6) сезім органдары; 7) эндокриндік бездер; 8) жүйке жүйесі. Осылардың бәрі бірігіп, адамның қоршаған ор- тамен арақатынасын жүзеге асырады. Адам денесі бас, мойын, тұлға, қол және аяқ бөліктерінен тұрады. Адам қаңқасына тұлға қаңқасы (омыртқа бағанасы және кеуде клеткасын құрайтын сүйектер), бас сүйек және қол-аяқ қаңқалары жатады. Бас сүйек: ми сауыт пен бет сүйектеріне бөлінеді. Ми сауытының ішінде ми, есту және тепе-теңдікті сақтау, көру органдары орналасқан. Омыртқа бағанасы: мойын (7 омыртқа), кеуде (12), бел (5), сегізкөз (5) және құйымшақ (3 — 5) бөліктерінен тұрады. Омыртқа бағанасының кеуделік бөлігіне 12 жұп қабырғалар бекиді. Олар алдыңғы жағында төс сүйекпен қосылып кеудені құрайды.  Кеуде қуысында өкпе, жүрек, кеңірдек, өңеш, тамырлар мен жүйке талшықтары орналасқан. Омыртқа бағанасының бел бөлігі іш бұлшықеттерімен бірге іш қуысын түзеді. Үстіңгі жағында іш қуысы кеуде қуысынан көк ет арқылы бөлінеді. Іш қуысында бауыр, асқазан, талақ, ішек, ұйқы безі, бүйректер, тамырлар жүйке талшықтары орналасқан. Іш қуысы төменгі жағында жамбас астауы қуысына жалғасады. Бұл қуыста несеп қуығы, тік ішек және жыныс органдары жатады. Қол қаңқаларын жауырын, бұғана, тоқпан жілік, шынтақ жілік, кәрі жілік, қол басы сүйектері құрайды. Аяқ қаңқасына жамбас сүйектері, ортан жілік, асықты жілік(кіші жілік)және аяқ басы сүйектері жатады. Сүйектер өзара буындар, шеміршектер арқылы жалғасады. Оларды бұлшық еттер жауып жатады. А.а. зерттеу ерекшеліктеріне байланысты бірнеше салалаларға бөлінеді: жүйелік немес қалыпты анатомия – адам денесінің құрылысын органдар жүйелері бойынша баяндайды; патологиялық анатомия – ауруға шалдыққан органдарды зерттейді; топографиялық анатомия – денедегі органдардың, тамырлардың, жүйке талшықтарының өзара орналасуын, арақатынасын талдайды; пластикалық анатомия – адам денесінің сыртқы пішіні мен құрылысы туралы ілім; салыстырмалы анатомия – дамудың әр түрлі сатысында орналасқан тіршілік иелерінің дене құрылысын салыстыра зерттейді. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *