АҒЫБАЙ БАТЫР

“АҒЫБАЙ БАТЫР” — тарихи жыр. Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан белгілі батыр Ағыбай Қоңырбайұлының (1802 — 85) ерлік істерін баяндайды. Жырдың екі нұсқасы сақталған. Қарағандылық жыршы Тәужи Айнатасов жинаған “А. б.” жырында Кенесарының түрікмен елінен бір тұлпар әкеп беру туралы өтінішін орындауға аттанған А. б-дың сапар кезіндегі ерліктері баяндалады. Нұсқа толық емес, он бір буынды қара өлеңмен жазылған. Жыр оқиға желісі, құрылысы, суреттеу тәсілі жағынан өте қызғылықты. Романтик. сарын басым. Ақын, халық ауыз әдебиетін жинаушы Нұрғали Бейсеновтен 1949 ж. жазып алған “А. б.” жырының 2-нұсқасы көркемдігі мен мазмұны жағынан құндырақ. Ағыбай нақтылы өмірде Ресей отаршыларына қарсы күрес жүргізсе, жырда қалмақпен соғысып, ерлік көрсетеді, даңқы бүкіл елге жайылған қолбасшы атанады. Бұл жыр да он бір буынды қара өлеңмен жазылған. Батыр ерлігі тарихи жыр шеңберінен асып, ертегі сарынымен бейнеленген, осы арқылы жырдың тарихи-әлеум. идеясы айқын байқалады. Ағыбай батырдың елін сыртқы жаудан қорғау жолындағы ерлік істері туралы осындай мазмұндағы басқа нұсқалар ҚР ҒМ-ҒА Орталық ғыл. кітапханасында және М.О. Әуезов атынд. Әдебиет және өнер ин-тының қолжазбалар орталығында сақтаулы. “А. б.” жырының Т. Айнатасов жинаған нұсқасы “Ақжолтай Ағыбай батыр” жинағында (Жезқазған, 1992) жарияланған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *