АГЛОПОРИТ — кеуек құрылымды жасанды құрылыс материалы. Агломераттау торында сазды жыныстарды немесе көмірді байыту және жағу кезінде шыққан қалдықтарды (шлак, күл) термиялық әдіспен өңдеп, алынған түйіршіктерді майдалау (фракциялау) жолымен дайындалады. А. жеңіл құйматас (аглопорит құйматас) дайындауға және жылу сақтайтын төсем ретінде қолданылады. Жылу өткізгіштік коэффициенті 0,1 — 0,22 ккал/(м-сағ-°С) [0,12 — 0,26 Вт/(м-Қ)]. Қазақстанда А. өндірудің технологиясы 1955 ж. Қазақстан ҒА-ның Құрылыс материалдары ғыл.-зерт. және жобалау ин-тында жасалды. Соның негізінде 1965 ж. Алматы обл. Боралдай кентінде А. цехы салынып, онда майда А. (5 — 10 мм жөне 10—20 мм, орташа тығызд. 650 — 850 кг/м3) шығарылды. Цех кейін Талғар қ-на көшірілді. 1960 —80 ж. Қазақстанда А. Алматы, Қарағанды обл-тарында өндірілді.