АВТОМАТТЫ ТЕЛЕФОН СТАНСАСЫ — телефон желісіндегі абоненттерді өзара автоматты түрде қосатын механизмдер мен қондырғылар кешені. А. т. с-ның жұмыс принципі абоненттерді нөмір теру кезінде пайда болған электрлік импульстермен басқарылатын координаттық қосқыш, телефон релесі, т.б. коммутациялық құрылғылар көмегімен жалғастыруға негізделген. Алғашқы А. т. с-нда күрделі электр мех. тетік — қадамдық іздеуіштер қолданылды. Кейінірек ол жұмыс сапасы біршама жоғарылау, іздеуіштің рөлін координаттық жалғаушы атқаратын координаттық телефон стансаларымен ауыстырылды. Олардағы негізгі коммутациялық тетік көп дүркінді координаттық қосқыш. Жүйеде берілетін ақпараттың түріне қарай А. т. с-лары аналогты және сандық болып бөлінеді. Аналогты стансаларға электр мех., мех. электронды және квазиэлектронды, ал сандық А. т. с-на арнайы электронды есептеу машинасымен баскарылатын электронды стансалар жатады. Өзге қалалармен байланыс үшін автоматты қалааралық телефон стансалары жұмыс жасайды. Қазақстанда алғашқы А. т. с-сы 1950 ж. Алматыда орнатылды. Онда 8000 нөмір болды. Қазір Қазақстанда сапасы әлемдік деңгейге сай, аса тиімді 8-12 типті сандық А. т. с-лары жұмыс жасайды. Олардың жалпы қуаты 360,9 мың нөмірге жетеді. А. т. с. абоненттерге жиі сөйлесетін абоненттердің нөмірін жылдам теру, абонент болмай қалған жағдайда телефонға келіп түскен хабарды магниттік таспаға жазып, сақтау, т.б. қосымша қызметтер көрсете алады.