АВТОКӨЛІК, автомобиль көлігі- жүк және жолаушылар тасуды қамтамасыз ететін көлік түрі. Ол 20 ғ- да кең тарап, өркендеді. 1900 ж. дүние жүзінде небәрі 11 мың автокөлік болса, оның саны ғасырдың ақырында 500 млн- нан асты. Әлемде автокөлік шығаратын орталықтар қалыптасып, көптеген фирмалардың атақ-даңқы кең жайылды (“Дженерал моторс”, “Фольксвагенверк”, “Толта мотор” және т.б.). ҚР-нда автомобиль көлігі құрылымдық өзгерістерге еніп, 20 ғ-дың 90-жылдары өзара бәсекелестіктегі тәуелсіз жүк және жолаушы таситын автокөлік рыногын дамытуға көшті. Респ-да 1998 ж. 1,5 млн-ға жуық автокөлік болды. Оның 21%-і жүк таситын, 70%-і жеңіл машиналар болса, қалғаны автобустардың үлесінде.
1,2 млн. автокөлік жеке меншікке көшіп, онда жүк машиналардың үлесі 16%, ал автобустардың үлесі 2%-тен сәл ғана асты.
20 ғ-дың ақырында ҚР-нда автомобиль рыногы қалыптасып, белгілі “Астанамоторс”, “Бутя Автоорталығы”, “DAEWOO — ӘЛЕМ” сияқты компаниялар шетелдік машиналардың тұрмысқа еркін енуіне қолайлы жағдай жасады. Респ. бойынша осы кезеңде, бір жағынан халықар. қатынастарда автомобильмен жүк тасу көлемі артты, екінші жағынан Қазақстанда транзиттік жүк тасу көбейді. Бұл жағдайға байланысты ҚР халықар. автомоб. тасымалы қарым-қатынастарын реттейтін басты жеті халықар. келісім мен конвенцияларға қосылды, халықар. автомоб. тасымалы жөніндегі үкіметаралық екіжақты 20 келісімге қол қойылды. Қазақстан экспедиторлары мен автомоб. жүк тасушыларының мүдделерін халықар. деңгейде қорғайтын Халықар. автомоб. тасымалы одағы мен Экспедиторлардың ұлттық ассоциациясы құрылды. ҚР халықар. автомоб. тасымалы жұмысын халықар. стандарттарға, көлік-экспедиторлық компаниялар талаптарына сай қозғалыс құрамын жасақтап, халықар. дәрежеде сервистік қызмет көрсетуге, респ. сыртқы экон. байланыстарын белсенді түрде автомобильмен қамтамасыз етуге, автомоб. паркінің ұтымды құрылымын қалыптастыруға, отандық автомоб. жасау саласын құруға бағыт алып отыр.