АВТОКЛАВ ( франц. auto- сlave, грек. autos — өзі және лат. сlavis — кілт) — әр түрлі процестерді атмосф. қысымнан жоғары қысым мен (бұл процестердің өту жылдамдығын шапшаңдатады) жоғары температурада атқаруға арналған аппарат. А. айналмалы не тербелмелі, көлденең не тік және колонкалы болып келеді. Қақпағы бар немесе жабық ыдыс түрінде болаттан, шойыннан, т.б. жасалады, ішкі жағы тоттанбайтын материалдармен (эмаль, т.б.) қапталады. А. іштей де, сырттай да қыздырылады. Ол үшін электр тогы, бу, газ пайдаланылады. А-тың салм. бірнеше кг-нан 80 — 100 т-ға дейін, ал сыйымд. ондаған см3-тен жүздеген м3-ке дейін жетеді. А. хим. өнеркәсібінің (гербицид) органик. шала өнімдер мен бояулы заттар өндірісінде, синтездеу процестерінде, гидрометаллургияда (түсті және асыл металдарды, сондай-ақ сирек кездесетін элементтерді сілтілеу үшін), консерві өнеркәсібінде және медицинада микробтарды толық жою (стерильдеу) үшін кеңінен қолданылады.