Әккі, жырынды, аққатпал, қақсал, әккіс, тақыс, ысқаяқ, ыспар, тісқаққан, қасабалы, ыспандияр кітаб., тысқаяқ, тіс қаққан

Өмір көріп ысылған, еңбек етіп төселген, тәжірибеліде айлакер. Осы ауданға көптен бері қашып жүрген, қару-жарағы бар әккі болған қылмыскер тап болды (С. Мұратбеков). Әзірге жырынды болып үлгермеген қара сұр аңдар су бетіне бейқам көтеріледі(Ә. Сәрсенбаев). Талай елді зар еңіреткен аққатпал ұры бұл жолы да ұстатар түрі жоқ («Жұлдыз»). Гимназияның бір қақсал қызметшісі мені өңменімнен итермеледі (Қ. Әміров). Әккіс неме жасырынып жатқан шығар, — деді ол (С. Балғабаев). Ол зұлымдығына найза бойламайтын тақыс, ішінде не сыр барын аңғартпайтын (С. Мұқанов). Аңдамай ауылдың ысқаяқ жігіттердің тәлкегіне түсіп қалған өзіме ренжимін (Ө. Қанахин). Губернатордың өзін шақырып, қонақ асы бергенде де мүлт кеткен жері жоқ, ондайға ыспар (З. Ақышев). Жолда көп жүріп тіс қаққан Кенжетай мұндайда қимылдың шапшаңдығын сүйетін (Д. Әбілев). Ол — жол көріп жорытып қалған қасабалы қатын емес, қызыл гүлі жаңа ашылған жас қыз (С. Мұқанов). Көпті көрген, талай-талай ауыр науқастыларды ажалдан құтқарып алып қалған, өр кеуде, ыспандияр дәрігерлердің байсалды мінезі сол бір сағатта жым-жылас жоғалады (С. Омаров). Азалы әйелдердің келінді өз дегеніне екі еткізбеуге үйрететін тысқаяқ мінездерін Дәмелі іштей байқап отыр (М. Дүзенов). Тіс қаққан жауынгерлер жеңілсе, ашына ызаланып, кек-тене күреседі (Б. Момышұлы).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *