АВСТРАЛИЯ (лат. australis — оңтүстік) — Оңт. жарты шардағы құрлық. Ол 10°41 оңт. ендіктегі Йорк мүйісінен 39°11 оңт. ендіктегі Оңт.-шығ. мүйіске дейін және 113°05′ шығ. бойлықтағы Стип-Пойнт мүйісі мен 153°34′ шығ. бойлықтағы Байрон мүйісі аралығында орналасқан. Аум. жағынан Жер шарындағы ең кіші құрлық (7,63 млн. км2). Батысы мен оңтүстігін Үнді мұхиты, шығысы мен солтүстігін Тынық мұхиттын Тасман, Маржан, Тимор және Арафур т-дері қоршаған. Жағалаулары аз тілімделген. Ірі шығанақтары – солтүстігінде – Карпентария , оңтүстігінде -Австралияның үлкен шығанағы. А-ның солтүстігінде Кейп-Йорк түбегі, шығыс, солт.-шығ. жағалауын бойлап (ұз. 2300 км) Үлкен тосқауыл рифі жатыр. Оңтүстігінде Тасмания ар-нан А-ны Басс бұғазы бөлген. Оңтүстігін бойлай Үлкен Австралия шығанағы орналасқан. Еуропалықтар үшін А. құрлығын 1606 ж. голландиялық теңіз саяхатшысы В. Янсзон ашқан.