АВИАЦИЯ ӨНЕРКӘСІБІ — өнеркәсіптің арнаулы конструкторлық және өндірістік тәсілдермен авиация техникасын жасайтын саласы. 20 ғ- дың басында авиация тех-сын игерудегі елеулі жетістіктер ұшу құралдарын көптеп шығаруды талап етті. Әсіресе, 1 — дүн. жүз. соғыс ұшу кұралдарын әскери мақсатта кеңінен пайдаланудың мол мүмкіндіктерін ашып берді. Соғыста аэростаттармен катар ішінде зеңбіректер орнатылған, бомба салынған шағын ұшу аппараттарының қолданылуы авиация өндірісін өрістетуге кең жол ашты. Еуропаның көптеген елдерінде жаңа авиация зауыттары салынды. Ауыр ұшақтар жасаудан Ресей 1- орын алды. Авиаконструктор И.И. Сикорский жасаған (1913) төрт моторлы “Илья Муромец” ауыр ұшағы 800 кг бомба, 5-6 зеңбірек, 8 адам көтеретіндіктен өте тиімді болып шықты. Су бетіне қона алатын ұшақтармен қатар, француздардың “Фраман”, “Вуазен”, “Ньюпор” ұшақтары, ағылшынның “Сопвич”, немістің “Фоккер” ұшақтарының осы кезеңде көптеп шығарылуы А. ө-нің өркендеуіне пәрменді ықпал жасады. 1914 ж. Франция 540 ұшақ, 1100 авиация қозғалтқышын шығарды. 1917 ж. Ресейде шағын 15 авиазауыт жұмыс істеді. Олар 1918 ж. мемл. меншігіне алынды. Чехословакия, Польша, Қытай, АҚШ, Англия мен Франция жаппай ұшақ жасай бастады. АҚШ-та ұшу техникасын көптеп шығару 1918 ж. кең өрістетіліп, 14200 ұшақ шығарылды. Сол жылы Англия 32 мың ұшақ, 20 мың двигатель шығарды. 30-жылдардан бергі жерде АҚШ-та, Ресейде, Германияда, Англияда, Италияда реактивті двигатель жасауға басты көңіл бөлінді. 1937 ж. турбореактивті қозғалтқыш жасалды. 1939 ж. неміс фирмалары шығарған сұйық отынды реактивті қозғалтқыш шығарды. Мұндай қозғалтқыш орнатылған ұшақтардың жылдамдығы 3000— 3500 км/сағ, ұшу биіктігі 30000 м, қашықтығы 10000 км-ден асты. Әуеде жанармай құйып алатын, алыс сапарға ұшатын аппараггар жер шарының қалаған қиырына бара алатын болды.
1929 — 32 ж. Ресейде көптеген ірі ұшақ жасау және мотор жасау зауыттары салынды. А.ө. 1933 — 37 ж. аралығында қуатты қарқынмен өркендеді. 1938 ж. бұл саладағы өндіріс көлемі 5,5 есе өсті. Ресейдегі ұшақ жасаудың шеберлері А.Н. Туполев пен С.В. Ильюшин бастаған конструкторлардың үлкен тобы ұшу мүмкіндігі шетелдік үлгілерден қалыспайтын жаңа тұрпатты конструкциялары Ресейде А. ө-бін өркендетуге пәрменді ықпалын тигізді. Азаматтық авиацияның транспорттық, санитарлық, спорттық және арнаулы түрлері көптеп шығарылды.
2-дүн. жүз. соғыс кезінде (1939 — 1945) А. ө. ерекше қызу қарқын алды. Әскери авиация Германия мен Жапония сияқты басқыншылық саясатын ұстанған елдердің қолындағы аса қуатты қаруға айналды. Олар А. ө. дамытуды мықтап қолға алды. Бұрынғы Кеңес Одағында 1941 ж. 7900,1942 ж. 22800, 1943 ж. 35000, 1944 ж. 40000, 1945 ж. бірінші жартысында 20900 ұшақ жасалды. 1944 ж. АҚШ-та 96 мың ұшақ шығарылды. Үстіміздегі ғ-дың 60-жылдары Америкада авиаракета өнеркәсібі дамып, баллистик. ракеталар, басқарылатын реактивтік снарядтар көптеп шығарылды. АҚШ-та 1966 ж. 16,4 мың азаматтық ұшақтар мен тікұшақтар жасалды. Олар шетелге сатуға шығарылатын болды.
Кеңес өкіметі кезінде экон. тұйықтықта ұсталған Қазақстанда А. ө-бін өркендетуге мүмкіндік болмады. Әйтсе де ұшақтардың корпусын, моторын, двигательдерін және басқа да маңызды тетіктерін жасауға Қазақстан металы пайдаланылды. Ондай тетіктердің көбісі Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Арқалық, Өскемен қ-ларындағы зауыттарда жасалды. Қазір Қазақстан әскери авиация құралдары мен азаматтық авиация ұшақтарын, негізінен, Ресейден алады. Қазақстан азаматтық авиациясы соңғы жылдары жолаушылар таситын бірнеше “Боинг” ұшағын Америкадан сатып алды.