АВЕСТА

АВЕСТА — ежелгі Орталық Азияда, Иранда, Әзербайжан, Ауғанстан жерінде таралған Заратуштра ілімінің қасиетті жазбалар жинағы. Ғылымда “Авеста тілі” деп аталатын көне тілде б.з.б. 3 ғ-да хатқа түсірілген. Сасани әулеті заманында (3—7ғ.) А. 21 кітаптан құралған. Біздің заманымызға соның төрттен бірі ғана жетіп отыр. Олар екі нұсқадан тұрады. 1-нұсқасы әр түрлі кітаптардағы мінәжаттар. 2-нұсқасы дінге, құқыққа, табиғатқа, дүние жаратылысына байланысты әуендерден, дұғалардан, ән-ұрандардан тұрады. Ғасырлар озған сайын А-ға өзгерістер, толықтырулар енгізіліп отырған. Бұл Шығыс халықтарының көпшілігінің тарихына, мәдениетіне, дініне, ауыз әдебиетіне қатысы бар ортақ жәдігерлік. Еуропа ғалымдары кітаптың Орталық Азия жерінде туғанын айтады. А-ны зерттеген ағылшын ғалымы Мэри Боис: “заратуштрашылдықтың негізін қалаған Заратуштра — көшпелі Азия даласын, ұлы Еділдің шығыс жағын мекендеген тайпалардан шыққан” деген қорытындыға келген. В.В. Бартольд, А.О.Маковельский, А.Н. Бернштам, Ә. Марғұлан А-ны жасауға сақ, скиф, ғұн, қаңлы тайпалары қатысқандығын айтады.

А.-Заратуштра (грек. Зороастра) пайғамбардың рухани ілімі мен құдайға құлшылық ету уағыздары. Мазмұны 2 мың жыл ішінде (б.з.б. 3-1- мыңжылдықтар арасы) қалыптасып, атадан балаға ауызша мұра болып, жетіліп, толыға түскен. Сол дәуірдің болмысын каз-қалпында көрсететін материалдардан тұрады. Орталық Азия, Иран, Әзербайжан халықтарының ежелгі дәуірдегі қоғамдық-экон. өмірі, діни сенім-нанымдары, әлем жайлы көзқарастары, әдет-ғұрыптары, мәдени мұралары туралы мол мағлұмат береді. А-ның көп бөлігі жоғалған, ұмытылған. Ғалымдардың болжамынша, 1/7 бөлігі ғана б.з-дың 3 ғ-ында Аршак әулеті дәуірінде жинақталып, кітап етілген. Ол үш бөліктен тұрады. Біріншісі — Яшт (ал- ғашқы қауымдық қоғамдағы қарым-қатынастар, көп құдайға табыну, т.б. жайлы). Екіншісі — Тат (Ахурамазда құдай хақында тәлім әңгіме), үшіншісі — көп құдайға табыну мен бір құдайға құлшылық етушілер күресі нәтижесінде б.з-дың 5 ғ-нда жинақталса керек. Көптеген ғалымдар А. Иранда Сасани әулетінен шыққан Хосроу шаһ I тұсында жазылған деп есептейді. Шындығында ол бұл дәуірде қасиетті саналғанымен ұмытылған тілде жазылған. Көпшілік түсіне алмағандықтан діндарлар оны сол кездегі әдеби тіл — паһлауий тіліне аударып, көп түсіндірмелер қосқан. Аударманың көлемі өте үлкен болғандықтан діндарлар күнделікті пайдалану үшін Кіші А- ны жасады. Оған Үлкен А-дан іріктеп алынған дұғалар кірді. Кейінгі кезде кейбір зерттеушілер А-ны арийлердің ведаларымен байланыстырады. Арийлер солт-те Орал тауы бойымен төмен түсіп, бүгінгі Қазақстанға, одан әрі бүкіл әлемге тараған деген жорамал бар. Арийлер дәуірінің ескерткіштері Еділден бастап Сібірге, оңт-те Үндістанға дейінгі ұланғайыр аймақтың бәрінде сақталған. А-ның барлық діндерге, бүкіл дүн. жүз. өркениетке үлкен әсері болды. Мыс., қазақ халқы жыл басын наурыздан бастайтыны осының бір көрінісі. Көне Ресейде де 14 ғ-ға дейін осылай болған. Қостанай, Орынбор, Челябинск облыстары шекараларының түйіскен жерінде 1987 ж. табылған көне Арқайым қ. бұдан 4 мың жыл бұрын түгелдей Веда мәдениетінің үлгісімен салынған. Заратуштраның отаны осы маң деген болжам бар. Өз елі мойындамай қуғынға салған соң, Заратуштра оңт-ке бет алып, Парсы (Иран) жеріне келеді. Бұл елдің патшасы Виштаспа Заратуштра ілімін қабылдап, оны мемл. деңгейде бекітеді. Сөйтіп А. бүгінгі Орталық Азия, Иран, Ирак, Ауғанстан және басқа да аймақтарға тарайды. А. ілімі басқа діндерге салмақ түсірмей, олармен оңай үндеседі. Сондықтан да оның бүкіл дүн. жүз. өркениетіне әсері 1,5 мың жылға созылды. 7 ғ-да арабтардың Иран мен Орта Азияны жаулап алуы нәтижесінде А. мәтіндері бірте-бірте жойылып, көпшілігі ұмытылды. Бізге Яшт, Виспарт, Видеуат, Ясна секілді бөліктері ғана жетті. Бүгінгі таңда А. тауды паналаған парсылар мен Үнді жеріне (Бомбей) ығысқан заратуштра дінін тұтынушылар арасында ғана сақталған.

А. — әлем заңдылықтарын толық қамтитын қасиетті ілім. А. бойынша барлық жан иелері микрокосм болып табылады. Бүкіл әлем біртұтас және бір заңдылықпен өмір сүреді. Тірі болмыстың бәрінің жаны бар. Жан ретінде олардың барлығы бірдей. Сондықтан еркек пен әйел, бай мен кедей, соғыста жеңген де, жеңілген де тең деп есептеледі. Бұл “барлық жан иелеріне бірдей қарап, адамзаттың бәрін сүй” деген гуманизм принципіне жол ашады. А. адам өмірін табиғат заңдылыктарымен үндестіреді: негізгі принциптері бойынша – ішкі және сыртқы тазалықты толық сақтау қажет, баршаға жеке бас еркіндігі берілген, бірақ әркім сол өз еркімен жасаған іс-әрекеті үшін жауап береді және оның нәтижесін көреді, өмірде кездейсоқтық болмайды деп есептеледі. А. ілімі бүкіл мұсылман әлеміне тарады. Оның ислам мәдениетіне, әсіресе, сопылық ағымға тигізген әсері өте зор болды.

А. сарынының кейбір арналары көне түркі эпостарымен үндесіп отырады. Мұндай ұқсастықты Оғызнамадан, Қорқыт Ата кітабынан кездестіруге болады. Қасиетті кітаптағы кейбір сарындар ежелгі қазақ әдебиетінде де көрінісін тапқан. Әдебиетші ғалымдар А-дағы сарындардың Қорқыт Ата, Хұтб Хорезми, Ахмед Иүгінеки, Асан Қайғы, Бұқар, Базар жырауларға келіп ұласатындығын дәлелдеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *