АВАРЛАР (орыс жылнамаларында обрлар ) — түркі тілдес тайпалардың ірі одағы. Бұл туралы алғашқы деректер Приск Панийский еңбектерінде (5 ғ-дың ортасы), кейініректе ежелгі дүние авторлары — Феофилакт Симокатта, Менандр, Иоанн Эфесский, Фредегар шығармаларында, грузин жылнамаларында кездеседі. А. Орталық Азиядан Еуропаға ауысып барып, Батыс Түрік қағандығы құрған тайпалардың негізгісі болған. 6 ғ-дың ортасында Батыс Каспий, Солт. Қаратеңіз алқабын, Дунай бойы мен Балқан жерлерін жаулап алып, Еуропаның бірқатар тайпаларын бағындырды. Мұнда өз алдына жеке мемлекет (қ. Авар қағандығы) құрды. А. славян, франк, лангобард, Грузия, Византия жерлеріне шабуыл жасап тұрды. 8 ғ-дың 90-жылдарында ұлы Карлдың франктері Авар қағандығын талқандады. А. кейіннен Батыс Қара теңіз, Дунай бойы халықтарымен сіңісіп кетті. “Погибоша аки обре” (“обрлардай қырылды”) деген ежелгі орыс мәтелі осыдан калған.