АВАНГАРДШЫЛДЫҚ

АВАНГАРДШЫЛДЫҚ, авангардизм (франц. Аvant-gardisme — алғы шепте- гілер) — қалыптасқан қағидалар мен дәстүрден, тіпті шынайы өмір шындығынан да алшақтай отырып, көркемөнер мен әдебиетті жаңғыртпақ болған өнер адамдарын топтастырған ағым. А. негізінен Батыс Еуропада пайда болып, 20 ғ-дың 10 — 20 ж. өнер мен әдебиетте толық қалыптасты. А. ұғым-терминін өнертануда алғаш рет ғыл. айналымға енгізген француз көркемөнер сыншысы Т. Дюре болды. Бұл ағымның қалыптасқан мектеп пен бағыттардан басты өзгешелігі — өнерді өмірден айырып қарап, оның әлеум. маңызын жоққа шығару, өнердің ерекше эстет. табиғатын бөлектеп қарау. Реализмді теріске шығарғандардың барлығы өздерін “авангардшылар” қатарындамыз деп есептеді. Бүтіндей алғанда А. таза эстет. талап қойған модернизмнің әр түрлі мектептері мен бағыттары (фовизм, кубизм, футуризм, экспрессионизм, дадаизм, сюрреализм, абстракті өнер, т.б.) түрінде көрініс берді. А. бағытын ұстанған театрлар спектакльдерде реалистік декорацияны абстракті конструкциямен алмастырып, режиссерлер ондағы тартыстың шарттылығына, еркіндігіне ерекше назар аударды (Вс. Мейерхольд, Е. Вахтангов, А. Тайров, Б. Брехт театры). Әдебиетте А. И.Р. Бехер, П. Элюар, Н. Хикмет, В.В. Маяковский, В. Незвал, т.б. шығармаларынан көрінді.

Театрдағы А. шарттылығы кейін реалистік театрларда да кеңінен өріс алды. Әдебиетте, 20—30 ж. А. реалистік бағыттағы ақын-жазушылар шығармаларында көркемдік әдіс ретінде байқалды. Сәулет өнерінде А. стиліндегі ғимараттар адамзат қиялының нәтижесі ретінде өмірден орын алды. А. бейнелеу өнерінде ерекше дамып, өнердің басқа саласына қарағанда ерекше дамыды (П. Пикассо, М. Шагал, С. Дали,). Сондай-ақ музыка өнерінде де жоғарыда аталған ағымдар түрінде көрініс тапты. Әсіресе, музыканы таспаға жазып сериялы түрде тарату мен электронды синтезаторлардың пайдаланылуы А-ның бұл өнер саласында дамуына ықпал етті. 1960 — 70 ж-дары А. ағымы зертеушілер тарапынан сынға ұшырады. Олар авангардтық ізденістердің сәтті бола бермейтінін дәлелдеп, пікір айтты. Алайда А. өнердің барлық түрінде көрініс тапқан көркемдік ағым ретінде өркениет тарихында өз орнын алған құбылыс болып қалды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *