АБЫРАЛЫ КӨТЕРІЛІСІ (1931 ж. ақпан — наурыз) — қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абыралы ауданы шаруаларының Кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру, мемлекетке мал тапсыру саясатына қарсы бас көтеруі. 1931 ж. қаңтар айында БК(б)П ОК мен өлкелік к-тінің, Қазақ АКСР-ы үкіметінің шешіміне сәйкес бүкіл респ. бойынша өкіметке мал тапсыру жоспарының 70%-і сол жылдың 1-тоқсанында орындалуы талап етілді. Жоспар бойынша Абыралы ауд-ның шаруалары әуелі 8745 т, кейін түзетілген есеп бойынша 3379 т ет өткізуге тиісті болды. Бірақ бүкіл ауд. халқының қолындағы малды түгел өткізген күнде де шаруалар бұл жоспарды орындай алмайтын еді. Олардың басы артық малы осыған дейін-ақ ортаға және өкіметке. тартып алынған болатын. Соған қарамастан ауд. мекемелер бұл науқанды іске асыруға қызу кірісіп кетті. Осының нәтижесінде 1931 ж. 12 ақпанда ауд-дағы барлық ауылдарда қарсылық әрекеттері басталды. Ауд-ның шығыс жағындағы 2, 3, 5, 7, 12 және 14 а-дардың Қосқан Бітебаев, Түскей Смағұлов, т.б. бастаған 700-дей адамы ауд. орталығы – Қайнарға шабуыл жасады. Қайнарды қорғап тұрған қарулы отряд оған тойтарыс берген соң, олар а-дарға тарап, ұсақ топтарға бөлініп, маусым айына дейін қарсылық әрекетін тоқтатқан жоқ. 1931 ж. маусымда ОГПУ әскерлерінің күшімен олардың бәрі тұтқындалып, жауапқа тартылды.
Ауд-ның солт.-батыс жағындағы 4 – 6-ауылда Ысқақ Кемпірбаев бастаған 300-ден астам шаруалар (қазіргі Қарағанды обл. Қарқаралы ауд. “Бақты”, “Еңбек”, “Прогресс” а-дарының жерінде) қарсылығы тегеурінді сипатта өтіп, кеңестік әскерге бір айға дейін берілмеді. Ауд-нан шыққан коммунарлар отрядын (20 адам) тұтқынға алып, үкіметке зорлық-зомбылық саясатын тоқтату жөнінде талап қойған олар елден тартып алынған мал мен астықты халықка қайтартып бергізді. Бірақ Қарқаралыдан, Семейден келген ОГПУ-дың тұрақты әскери бөлімдеріне төтеп бере алмай жеңіліске ұшыраған көтерілісшілердің көпшілігі қаза тапты. Көтеріліс басшысы Ы. Кемпірбаев және басқалары тұтқынға алынды. 1931 ж. күзде А. к-не қатысқан 500-ден астам адам жауапқа тартылды. Тек Кемпірбаевтың жасағында болғандардан 274 адам сотталып, 85 адам атылды.