АБЫЛАЙ ЖОЛЫ — 18 ғ-дың орта шенінде Абылай хан белгілеген сауда-керуен жолы. 1756 ж. қырғыз манаптары Сауыр, Есенғұл, Атеке-жырық қазақ рулары — семіз найман, албандар қоныс еткен Өр мен Жетісуға шапқыншылық жасап, мал-мүлкін тонап әкетеді. Мұны шебер пайдаланған Абылай хан Көкшетау – Есіл- Нұра, Сарысу — Шу — Та- лас бағыты арқылы Алатау қырғыздарына бірнеше дүркін шабуыл жасап, қазақ пен қыр- ғызды қосып бір ұлыс жасау ниетімен қайтар жолында қырғыз руларын Арқаға көшіреді. Арқадағы қазақ руларына сіңіп, “қырғыз” атанып жүрген ру ақсақалдарының “Абылай жолымен Арқаға келдік қой” дейтіні содан. 1773-75 ж. Абылай қазақтың оңт. шекараларын нығайту мақсатымен Ташкент төңірегіне шабуыл жасап, Шымкент, Таш- кент бекіністеріне өз адамдарын отырғызады. Хан бұл жорықтарға Көкшетау — Есіл — Нұра — Сарысу — Шу — Талас бағытымен жүргендіктен А. ж. аталып кеткен. Ел аузында оның “Шаңды жол” деген де аты бар.