АБСТРАКТІЛІК ПЕН НАҚТЫЛЫҚ

АБСТРАКТІЛІК ПЕН НАҚТЫЛЫҚ — Гегель бұл терминдерді бір-біріне әрі қарама-қарсы, әрі ажырамас бірлікте караған. Оның пайымдауынша абстрактілік те, нақтылық та, ең алдымен, болмыста болатын қасиет және соған байланысты ойлау жүйесіне де тән ұғым.

Гегельдің пайымдауынша, нақтылық сан алуандықтың бірлігі, тұтастығы. Оның мағынасы: әрбір жеке зат, процесс, құбылыс — тұтас нәрсе, олардың әрқайсысы көптеген қасиеттердің, белгілердің, қатынастардың іштей байланысқан бірлігі, оқшауланған түйіні. Тұтастық не бірлік кездейсоқ, бір-біріне селқос нәрселердің жиынтығы емес, бірінен-бірі туындайтын нәрселердің бірлігі. Осындай табиғаты бір, бірақ әр түрлі құбылыстардың дербес тұтастығын нақтылық дейміз. Мыс., Жер басқа аспан денелерінен біршама дербес, нақты тұтастық, адамдар қоғамы, ондағы әрбір халық, мемл., т.б. дүниелерден қаншалықты тәуелсіз, дербес болса да, олар сол шеңберде өзіндік іштей байланысқа құрылған. Үлкен тұтастық ішінде олар қанша түрге бөлінсе де, жалпы табиғаты бір. Яғни, нақтылық тұтастықтан бөліп алған жеке қасиет бола алмайды, себебі ол іштей дербестікке ие емес, сондықтан да басқа дүниемен өз дербестігі негізінде қатынас жасай алмайды. Абстрактілік осындай дербес тұтастықтың ажырамас бір жағы, қасиеті, белгісі, т.б. Бұл сондықтан да қарапайымдылық, жетілмегендік, сыңаржақтылық,ұғымдарымен барабар. Бірақ өмірдің өзінде абстрактілік құбылыстар, формалар, қатынастар болады. Тауарлы өндірістің дамуы, оның, әсіресе, жоғары деңгейлері жан-жақты өрбіген қоғамдық еңбек бөлінісіне байланысты. Әуелгі кездері іштей жіктелмеген тұтас өндірістік қызметтер кейін бөлшектеніп, бір адамның атқаратын қызметі көптеген қарапайым амалдарға айналып кетіп жатады. Жеке адамдар, көбінесе, қарапайым бір амалды, қарапайым міндетті атқа- ра бастайды. Өндіріс процесінде осындай жеке міндет атқаратын адамдардың, сол қызметтерінің өзі — сыңаржақты нәрселер, тұтас күрделі процестердің бір болмашы кезеңі ғана. Сол сияқты көп тауарлардың ішінен бір тауардың — алтынның — бөлініп шығып, өзінің құны арқылы басқа барлық тауарлар құнының көрсеткіші болуы, яғни оның заттық болмысынан оқшау, өз алдына дербес болмысқа айналуы – бұл өмірдегі абстрактілену. Өйткені ол – барлық тауарларға тән бір қасиеттен бөлініп, өз алдына дербес мәнге ие болған және барлық басқа тауарларға қарама-қарсы тұрған ұлы мәртебелі құн. Бұл — алтынның ақшаға айналуы. Ал жұмыс күшінің өзі, яғни адамдардың өздері тауарға айналған жағдайда, ұлы мәртебелі Құн адамдардың өздеріне де үстемдік ететін абстрактілік Күш болып шығады. Бұл жаттану не болмаса жат болу көрінісі, яғни адам бойындағы жеке бір күш, қасиеттің өз иесіне үстемдік етуі. Мұнда шын тұтастықтың мағынасы бұзылып, абстрактілік нақтылық сияқтанып, ал нақтылық абстрактілікке айналып кеткендей болады. Өмірдің өзіндегі осындай жалған көріністер адамға абстрактілік қайсы, нақтылық қайсы екенін ажыратқыза бермейді. Алдамшы көріністермен адастырып бағады. Эмпирикалық логиканың (Локк, т.б.) А. п. н. туралы тұжырымы тап осы өмірдегі жалған көріністің көшірмесі. Олар да құбылыстарға тән бір ортақ қасиетті бөліп алып, олардың барлығының шын табиғаты осы деп түсіндіреді. Бұл адасушылықтың әлеум. негізі бар. Сондықтан да оны жөніне келтіру өте қиын. Төңкерілген дүниенің төңкерілген санасын орнына келтіру үшін дүниенің өзін аяғынан тұрғызу қажет. Бірақ оны түсіну үшін бұл міндетті емес.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *