АБСОЛЮТТІ ЖӘНЕ САЛЫСТЫРМАЛЫ АҚИҚАТ – танымның даму процесін бейнелейтін категория. Ол бұған дейін танылған және алда танылатын нәрселердің, сондай-ақ келешекте біздің таным-түсінігімізде өзгеріске ұшырауы мүмкін және ешбір өзгеріссіз қалатын ақиқаттардың арақатынасын айқындайды. Болмыс пен ойлау заңдылықтарының өзара сәйкестілігін көрсетеді. А. ж. с. а. объективті шындықты адам танымы біртұтас қалпында айқын аңғарта ала ма, әлде тек шамамен, салыстырмалы түрде ғана білдіре ме деген сұраққа жауап береді. Біздің таным-түсініктеріміз адамзат ойының (философияның, ғылымның, техниканың, өндірістің) қол жеткізген деңгейлерімен тікелей сабақтас. Соған қарай адамның тіршілік, болмыс туралы түсініктері де тереңдеп, нақтыланып, жетіле түседі. Демек, ақиқаттың өзі де дамуға байланысты өзгеріп, түрленетін салыстырмалы категория болып табылады. Сонымен қатар салыстырмалы ақиқат абсолютті ақиқатты танудың құрамдас бөлігі де. Егер сальгстырмалы ақиқат ғылыми сипатта болса, оның құрамында ақиқаттың белгілері де болмақ. Яғни, абс. ақиқат салыстырмалы ақиқаттың жиынтық көрінісі де. Салыстырмалы ақиқат болмыстың шартты, өзгермелі, уақытша, қайсыбір жағдайда тәуелді кезеңдік қырларын бейнелейтін болса да, ол әрбір құбылыстың мазмұн-мағынасын, құндылық қасиетін, сипаты мен қолданылу аясын ой елегінен өткізу, зерделеу, саралау барысында қалыптасып, қабылданады. Салыстырмалы ақиқат таным-білімді болмыс шындығына жақындатып, тарихи жағдайларға үйлесімділікті арттырады, жалпыға ортақ идеяларды, абс. мұраларды іздестіруге ұмтылдырады. Салыстырмалы ақиқаттың мағынасы шектеулі болғанмен, оның даму мүмкіндігінде шек жоқ. Ол өзгермелі дүниенің егжей-тегжейін саралай, іріктей, өмірге бейімдей отырып, мәннің құрамдас бөліктерін жасақтайды. Тіршілік құбылыстарының сәйкестігі де, қарама-қайшылығы да А. ж. с. а. арқылы түсіндіріледі. Ертедегі грек философиясы абс. ақиқатты “табиғи”, “таза күйінде”, “өздігінен” қалыптасқан ұғымдарға балап, оны мүлтіксіз нәрсе ретінде түсіндірді. Ал ғұлама діндарлар пікірі бойынша абс. ақиқат табиғаттан тыс абс. күш, абс. рух. Жаңа дәуір философиясы абс-тілік пен салыстырмалылықты бір-біріне қарсы қоймай, бір-бірінен бөле-жара қарамай, олардың арақатынасын ғылыми ұғымдармен айқындады: А. ж. с. а. тіршілік көріністерінің қарама-қарсы жақтарымен қатар, олардың сәйкесті бірлігін де қамтиды. Екеуі де объективті мазмұнды бейнелейді, нақты білімді толықтырады. Салыс- тырмалы ақиқат объектіні біртұтас толық күйінде емес, белгілі бір жағдай, қатынас шеңберінде бейнелейді де, осы салыстырмалы кезеңдерден абс. ақиқат құралады және көрініс табады. Абс. ақиқат ойды тұтас, шындыққа неғұрлым жақын сипаттайды. А. ж. с. а. ғылыми таным-түсініктерді бұлжымайтын қағидаға айналдырудан сақтандырады, білімнің даму сабақтастығына жол ашады, зерде-зейінді әлемдік өзара байланыстарды тануға шоғырландырады.