АБСОЛЮТ ҚАРА ДЕНЕ – өзіне түскен сәуле ағынын оның спектрлік құрамы мен темп-расына қарамай толық жұтатын дене. А. қ. д-нің сәуле жұтқыштық коэффициенті 1-ге тең. Ал сәуле шығарғыштық қабілеті, оның темп-расы мен толқын жиілігіне байланысты анықталады. Табиғатта өзіне түскен сәуле ағынын түгелдей жұтатын (спектрлік құрамына қарамай) дене кездеспейді. Өзінің оптикалық қасиеті жағынан А. қ. д-ге тым жақындайтындар қара күйе, қара бархыт және қарайтылған платина болып есептеледі. Олар жарық ағынының көрінетін бөлігін түгелдей дерлік (99 %) сіңіріп алады. Физикада А. қ. д-нің моделі ретінде сыртқы беті сәуле ағынын өткізбейтін, ал ішкі беті өзіне түскен сәуленің біраз бөлігін сіңіріп алатын кішкене тесігі бар қуыс дене алынады. Мұндай қуыс денеге енген сәуле оның ішкі жағына сан рет шағылып, сыртқа шықпай түгелдей дерлік қалып қояды. А. қ. д. ғылым мен техникада жарық эталоны ретінде қолданылады.