АБРАЗИЯ (лат. abrasion – қыру, жону) – мұхиттардың, теңіздердің, көлдердің, өзге де су қоймаларын жағалауларындағы түп жыныстардың толқын мен ағын әсерінен мех.бұзылуы мен мүжілуі. Әсіресе, теңіз (мұхит) жағалауларының соқпа толқындар әсерінен А-ға ұшырауы жиі кездеседі. Түп жыныстардың мүжілуі толқын күшінен ғана емес, сол толқын қозғалтқан тастар мен құм түйіршіктерінің соққылауы салдарынан да болады. А-ға теңіз (мұхит) қайраңы да ұшырайды, алайда қайраңдағы А. жағалаулық А-ға қарағанда бәсеңдеу жүреді. Теңіздер мен көлдердегі қайраңдық А. ондаған метр тереңдікке дейін байқалса, мұхиттарда бұл процесс 100 м-ден астам тереңдіктердегі белдемдерде болады. А. түсінігін геологиядағы шайылу ұғымымен шатастырмау керек, себебі шайылу барысында түп жыныстар емес, тек борпылдақ, болбыр жыныстар бұзылуға ұшырайды.