АБИССАЛЬ ШӨГІНДІЛЕР — мұхиттар мен теңіздердің 3-4 км-ден астам тереңдіктерінде түзілетін тау жыныстары. Ұғымды 1907 ж. неміс зерттеушісі О. Крюммель енгізген. Ол А. ш. қатарына негізінен, 3-4 км тереңдікте түзілетін қызыл түсті тереңсулық саздар мен радиолярийлік лайларды жатқызған. Алайда бұл түсінік тереңсулы мұхит төсенішін көмкеретін барша шөгінділер мен тұнбалар үшін, соның ішінде 4—6 км тереңдікте түзілетін пелагиальдық саздарға да қолданылады. А. ш. полигендік құраммен сипатталады. Олар әдетте күшті тотыққан қоңыр түсті, сирегірек кірпіш — қызыл түске боялған карбонатсыз лай түрінде кездеседі. Сондай-ақ А. ш. мұхит пен теңіздің жағалаудан қашық аудандарына су ағысымен немесе жел күшімен жеткізілген ұсақ дисперсиялық терригендік және жанартаулық-кластикалық материалдар есебінен де түзіледі. Бірақ оның құрамында темірдің (3 — 10%) және марганецтің (0,2 — 3%) айтарлықтай мөлш. болуы мүмкін. Соңғы жағдайда А. ш. темірлі-марганецті конкрециялар түрінде болады. Ал оның құрамында аталған металдардың концентрациясы жоғары болса, олар темір-марганец кендерін түзе алады. А. ш. құрамында органик. заттар аз мөлшерде (0,5%-тен аз), керісінше, кейбір микроэлементтердің (Со, Ni, Сu, Рb, Мо, т.б.) концентрациясы біршама жоғары болып келеді.