АБД ул-ӘЗИЗ БАБ КҮМБЕЗІ — Қарахан дәуірінің ескерткіші. Оңт. Қазақстан обл. Сайрам а-нда орналасқан. 9 ғ-да салынған. Қожа Ахмет Иасауидің «Рисала» атты бізге қолжазба күйінде жеткен кітапта Абд ул-Әзиз баб Мұхаммед пайғамбардың жолына түскен алғашқы кісілердің бірі екендігі айтылады. Оны есімінің соңына қосылған “баб” деген сөз де байқатады. Абд ул-Әзиздер Сайрамдағы Ибраһим атамен (Қожа Ахмет Иасауидің әкесі) және Отырардағы Арыстан бабпен аталас. Күмбез 16 ғ-да қалпына келтірілген. Оны қайта салдырған қазақ ханы Наурызахмет (Барақ) деген мәліметтер бар. А.б.к. — Сайрамдағы ең үлкен кешен. Бұл порталды күмбез Оңт. Қаз. жеріндегі орта ғ-дағы ғұрыптық сәулетшілік дәстүрде салынған құрылыс. Төрт бұрышты күйдірілген кірпіштерден қаланған кешен күмбезді үш бөлме- ден тұрады. Кірер аузы текшеленіп, арқамен тізілген, екі жақ босағасына бағаналар орнатылған. Кешенді соңғы жөндеуден өткізген құрылысшылар күмбездің бастапқы жобасын сақтауға тырысқан.