АБАТ-БАЙТАҚ ҚОРЫМЫ — сәулет өнері ескерткіші. Қорым Ақтөбе обл. Қобда ауд. Талдысай кентінен оңт-ке қарай 12 км жерде орналасқан. Алғаш рет 20 ғ-дың басында Орынбор архив комиссиясының мүшесі, ғалым И.А. Кастанье қорымда болып, мәлімет берген. 1979 — 80 ж. Мәдениет министрлігіне қарасты “Казреставрация” бірлестігінің экспедициясы (жетекшісі С. Әжіғалиев) зерттеген. Қорымның ені 600 м. Негізін Абат-Байтақ кесенесі құрайды. Кесене қорымның шығыс бөлігінде орналасқан. Қорымның оңт-де, бат. мен солт.-бат. бөлігінде 18 — 20 ғ-лардағы зираттар кешені жатыр. Құрамында екі күмбез және 200-ден астам бейіт басына қойылған құлпытастар бар. Олар үлгілерінің әр түрлілігімен, композициялық шешімдерінің өзгешелігімен және сәндік ою-өрнектерінің молдығымен ерекшеленеді. 18 — 19 ғ-дағы қазақ тас қашаушылары шеберлігінің жоғары дәрежеде болғанын да көрсетеді. Ағаш ою дәстүрінде безендірілген құлпытастар ерекше дараланады. Оның ішінде әктастан қашалған құл- пытастар ерекше назар аудартады. Сонымен бірге өсімдік (гүл, ағаш, жапырақ, т.б.) өрнегі кеңінен қолданылған. Құлпытастарда араб әрпімен қаза болған кісінің қысқаша өмірбаяны жазылып, рутаңбалары салынған. Жазулар қорымда қазақ халқының табын, кете, байбақты, шекті, т.б. руларының өкілдері жер- ленгенін көрсетеді.