АБАЙ КЕСЕНЕСІ — 1996 ж. салынған сәулет өнері ескерткіші. Шығ. Қазақстан обл-ның Абай ауд. Жидебай қонысында Ұлы ақынның туғанына 150 жыл толған мерейтойды ЮНЕСКО-ның шешімімен әлемдік деңгейде атап өту шаралары карсаңында орнатылды. Сәулетшілері — Б. Ибраев, С. Ағытаев, А. Қарпықов, жобалаушы — Т. Ержігітов, суретші — К. Алтынбеков. А.к. биікт. 5 м етіп жасалған дөңнің үстіне тұрғызылған. Ұз. — 200, көлденеңі — 60 м, биік 2 мұнара ерекше көзге түседі. Біріншісі — Абай мұнарасы (биікт. — 38,5 м),екіншісі — Шәкәрім мұнарасы (35 м). Кешеннің төрт бұрышында төрт күмбез бар. Бұларға қоса диаметрі 36 м болатын “Орталық Азиядағы жазба мәдениет тарихы” мұражай орны, келіп-кетушілерге арналған қонақжай, амфитеатр, сондай-ақ мешіт салынды. Бұрын осы орынға жер- ленген Абай, Оспан, Шәкәрім, Ахат бейіттерін қозғамай, солардың бәрін ішіне ала тұрғызылған кесене құрылысы көшпелілер мәдениетінің үрдісінде, қазақ халқының космогониялық танымын бейнелейді. Сонымен бірге А.к- нен Самарқандағы Гүр-Әмір, Аградағы Тәж-Махал кесенелерінің әсері де байқалады. Кесене құрылмында ислам әлемі мен Қазақстандағы жерлеу дәстүрінің негіздері сақталған. Кешен тұғыры бейнелі түрде қазақтардың діни сеніміндегі үш әлеммен: төменгі әлем — өлілер (қара түсті), ортаңғы әлем — тірілер (қызыл түсті), жоғарғы әлем — аруақтар мен Алланың мекені (ақ түсті) байланысады. Осы жоғарғы бөлікке көтерілу үшін келушілер кіреберіс порталына қазақ (түркі) жүртының ұлы перзенттері бейітінен әкелінген топырақ салынған гранит тостаған тұрған ұзын жер асты дәлізі арқылы белдеуіне “Өзіңді танығаның Хақты танығаның” деген Қожа Ахмет Иасауидің сопылық толғамы жазылған шырақ жанынан өтеді. Мұның бәрі адам өмірі жайлы филос.ойға жетелейді. Ал мазардың көп қырлы мұнара түрінде жасалуы — бұл өңірде біржарым мың жылдан бері қалыптасқан (Домбауыл, Діңгек, Қозы Көрпеш—Баян сұлу мазары, Мамай ескерткіштері) дәстүрді сақтауға ұмтылудан туған шешім. Құнанбай әулетінің дінге ден қойғанын байқататын шағын мешіттің төрт- күмбезді, орталық бағаналы пішіні де тек қазақ дәстүріне тән. Кешен композициясында бастан-аяқ тұтастық сақталған. Оның барлық ғимараты бірін-бірі толықтырып, даланың кендігімен үйлесім тапқан. Құрылыс жұмыстарына, негізінен, Маңғыстаудың ұлу тастары пайдаланылды.