“АБАЙ” — ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өмірі мен ақындық жолына арналған энциклопедия. Таралымы 100 мың дана, 1631 мақала қамтылған. Көлемі 120 авторлық б.т. Қазақстан үкіметінің 1990 ж. 22 ақпандағы “Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына әзірлік және оны өткізу туралы” қаулысына сәйкес шығарылды. Кітапты “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясының “Абай ғылыми редакциясы” (меңгерушісі Т.Б. Рсаев) әзірледі. 1995 ж. “Атамұра” баспасынан қазақ тілінде жарық көрді. Энциклопедияға жинақталған материалдарда ақынның төл шығармалары мен аударма туындыларына, қара сөздері мен тарихи-зерттеу мақалаларына жан-жақты талдау жасалған. Ұлы ойшылдың филос., әлеум., діни, психол., пед., экон., этик., эстет. көзқарасы мен дүниетанымына кең орын берілген. Абайдың өмір жолы мен ортасы, ұстаздары мен шәкірттері, ата тегі, кейінгі ұрпақтары, шығармаларында аталатын жер-су атаулары мен есімдер туралы мағлұматтар да мол. Кітапта ақынның шығармашылық жолына әсер еткен Шығыс, Еуропа жөне орыс әдебиетінің көрнекті өкілдері, Абай өлендерінен нәр алған ұлттар әдебиеттеріне байланысты мақалалар да қамтылған. Энциклопедияда ақын шығармалары тақырыбында күрделі зерттеулер жүргізген ғалымдар, оның өлеңдерін аударған шетелдіктер туралы да деректер бар. Кітаптың қосымша бөлімінде Абай шығармаларында кездесетін түсініксіз сөздер сөздігімен, ұйқас сөздігімен, сөздердің жиі қолданылу сөздігімен танысуға болады. Ақынның әр жылдары жарық көрген басылымдары мен Абай туралы жеке ғыл.-зерт. еңбектерге қысқаша анықтама берілген. Оны әзірлеуге Қазақстан ғалымдары мен көрнекті абайтанушылар, шетелдік авторлар тартылған. Кітапта түрлі түсті көркемсуреттер, деректі құжаттар жарияланған. “А.” энциклопедиясының авторлары мен шығарушылардың бір тобына (3. Ахметовке, М. Мырзахметовке, Р. Сыздықоваға, М. Құл-Мүхамбетке) 1996 ж. ҚР-ның Мемл. сыйлығы берілді.