АБАЗИНДЕР (өзд.атауы – абаза) – Кавказдың тұрғылықты халықтарының бірі. Ресей Федерациясы Қарашай-Шеркес Респ-ның 13 елді мекенінде шоғырланған. Сондай-ақ Кисловодск Қ-на жақын аудандарда және Адыгей Респ-сында да тұрады. Жалпы саны – 44 мыңға жуық (1992). Абазин тілінде сөйлейді (ибер – кавказ тілдері шоғырының абхаз-адыгей тобына жатады). 11 ғ-ға дейін А. Қара т-дің солт.-бат. жағалауындағы Туапсе және Бзыбью өз-дерінің аралығында өмір сүрген. 14-17 ғ-лардан бастап Кавказ жотасының солт.бөлігіне, Лоб өз-нің жоғары ағысына, Уруп, Улвен және Кіші Зеленчук, Кубан, Құм өз-дері жағалауына қоныс аударып, сонда тұрақтап қалған. А. Түркиядағы шеркестердің құрамындағы жеке топты құрайды. Сондай- ақ Иордания, Сирия, Ливан мемлекеттерінде де қоныстанған. 9-20 ғ-дың бас кезеңінде олар мал ш-мен, егіншілікпен де айналысты. Егіншіліктің қос танапты жүйесі дамыған. Негізгі өсірілетін дақылдарына: бидай, жүгерә, тары жатады. Отбасы құрылымында әлі де әулетімен бір аулада тұратын үрдіс сақталған.