Сыр елінің Нұрбай биі


Қазіргідей емес, о кездері қа­зақтың әр руы жаз жайлауға бірге көшіп, қыс қыстауға бірге қонып жүретін болған. Жазғытұрым ала қыстайғы ақ күртік қар еріп, Жер-ананың маңдайы жіпсіген мезгілде ұзын-сонар көш жайлауға жамырай көшкенде рубасының соңынан ілбиді. Оның жанында айсыз қараңғы түнде көздеген жеріне көзін жұмып отырып тауып апаратын жолбастаушысы болады.Рубасы мен жолбастаушы үлкен көштен сүтпісірім мезгіл бұрын жүріп отырады. Рубасы өзінің қабырғасымен кеңесіп, сонан соң жолбастаушысын межелеген жердегі құдық басына жөнелтеді. Ол екі-үш қарулы жігітпен көштен бұрын рубасы айтқан жерге барып, беті көмулі құдықты аршып қонатын жер сайлайды. Сонан қашан жаз жайлауға жеткенше осы дағды қайталанады.
Әрине, Матығұл Нұрбай би өмір сүрген сонау ХҮІІІ ғасырда да қазақ ішіндегі жер дауы, жесір дауы мәселесі ушығып тұрды. Оны сөзі дуалы, аузы уәлі билер соты ретке келтіріп, ескі «Жеті жарғының» баптары бойынша жүйелеп отырғаны белгілі. Бұл қазақ қоғамының Темірқазығы іспеттес әйгілі «Жеті жарғының» жемісі болатын. Атақты Жәңгір ханның баласы Тәуке хан тұсында өзі тақта отырған 1680-1718 жылдардың аралығында кейбір қақтығыстарға қарамастан халық арасында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заман орнықты. Ол сыртқы жауға тойтарыс берді. Қазақ ішіндегі ішкі талас-тартысты тоқтатты. Үш жүздің, тіпті әрбір ру-тайпалардың өзара тату-тәтті өмір сүруіне күш салды. Ол – ол ма, үлкен ақыл иесі, сұңғыла саясаткер Тәуке хан Алатау мен Атырау, Қаратау мен Алтай арасындағы зор аймақтың тұс-тұсына тарыдай шашыраған Үш жүзді өздерінің ортасынан шыққан билерге басқартты. Мысалы, Ұлы жүзге Төле би, Орта жүзге Қазыбек би, Кіші жүзге Әйтеке би иелік етті. Соның баршасын жоғарыдағы үш би арқылы Тәуке ханның өзі басқарып отырды. Бұл саяси-әлеуметтік басқару қазіргі таңдағы әкімшілік құрылымға біртабан жақын басқару әдісі екеніне ешқандай шүбәңіз болмасын. Міне, жоғарыдағы аттары аңызға айналған үш бидің көмегімен, «Қасым салған қасқа жолмен», «Есім салған ескі жолмен» және Тәуке ханның тәртібімен дүниеге келген «Жеті жарғы» деп аталатын ел басқару заңдарының ережелері қазақ кәдесіне жаратылғаны әмбеге аян. Тарих толқыны ХҮІІІ ғасырда осылайша қазақ даласының шоқтығын саяси-әлеуметтік оқиғалармен асқақтата түсті. Ал осындай аумалы-төкпелі кезеңнен кейін қырық жыл Кіші жүз хандығын билеп-төстеген Нұралы ханның тұсында бай да, би де атанған Матығұл Нұрбай бабамыздың есімі ел тарихынан өшпестей ойып орын алғанын көреміз.
Біздің қолымыздағы алматылық зерттеуші Т.Дайрабаевтың дәйекті деректерінде ХҮІІ-ХІХ ғасырлардың аралығында Арал өңірінде өмір сүрген билер мен батырлардың аты-жөндері айтылады. Оның айтуынша, жоғарыдағы кезеңде ел ішін аралаған Ресей патшасы әскери қызметінің зерттеушілері, осы елдің шығыстанушылары, алыс-жақын шетелдік саяхатшылардың көне жазбалары аса құнды болыпты. Бұндай қызықты деректер Ресейдің сол замандағы көрнекті елшісі, тарихшы ғалымы М.Тевкелевтің күнделіктері мен жазбаларында молынан ұшырасады екен. Сол тұстағы орыс мұрағаттарынан табылған Нұрбай би, Сартай батыр туралы қысқаша мағлұматтан мынадай деректерді оқуға болады:
1786-1787 жылдардағы орыс-қазақ қатынастары туралы жазылған қатынас құжаттарында осы жылғы ант беру қағазына басқа билермен қатар Шекті (құжатта осылай жазылған, дұрысы, Өріс болуы керек) руының 10 мың үйі үшін Сартай бидің және Нұрбай бидің 8 мың түтін (үй) саны әжептәуір күш. Әрине, сол кездегі Ақшатауды мекен еткен Байжанұлы Сартай да, «Он адымда» отырған (Ілгеріде Бөген аймағын «Он адым», онан кейін №10 ауыл» деп атағаны белгілі) Матығұлұлы Нұрбай да осал адамдар емес болатын. Алты ата Әлімнің ішіне әйгілі бұлардың билігіндегі түтін саны мұнан да көп болуы мүмкін. Бұл тек хатқа түскендері ғана.
Ауыл арасына зейінді, қарасына пейілді болған Нұрбай биге маңайындағы және қоластындағы малшы-жалшылар төрлерінен орын, төбелерінен жай беріпті. Бұл да о кісінің парасаттылығын, асқан адамгершілігін, жүрегіне иман ұя салған абзал адам болғанын көрсетсе керек. Асылы, ол қой бағып, қарын тойғызудың қамымен алаңсыз өмір сүрген адам емес. Бұған нақты мысал, Нұрбай бидің заманында барша байлығынан гөрі елішілік билікке ерте араласып, қазақ халқының саяси-әлеуметтік ахуалына атсалысқандығы айрықша көрінеді. Себебі оның өзі өмір сүрген ХҮІІІ ғасырдағы қазақ мемлекеті бұл кезде аса ауыр жағдайда тұрған. Кең-байтақ қазақ даласына зор қасірет әкелген жоңғар басқыншыларының жойқын соғысынан кейін де ұлан-байтақ сахараны мекен еткен халықты әлі үш хандық билейтін. «Бөлінгенді бөрі жейді», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мәтелді өздері ойлап тапқан қазақ өзара қырықпышақ еді. Анау қырдың астындағы көкірегі аяққаптай кеудемсоқ қазақ мына қырдың астындағы өзінің қандасының аяғынан жайылып жүрген малын алдына салып айдап кететін. Мұны «барымта» дейтін. Сонан руаралық майда-шүйде, кейде ірі жанжал болып тұрған. Сонан кейін ғой, араға талай жылдар салып «ат үстінде, атан қомында» күн кешкен ата-бабаларымыздың ортақ мәмілеге келгені, ұлыс болып ұйысқаны.
Матығұл Нұрбай бидің, Жақайым Сартай батырдың және басқа әйгілі тұлғалардың Нұралы ханнан осы тұста сырт айналуы – тарихи шындық. Біріншіден, Нұралы хан қазақ даласын қақпанына түсірген орыс отаршыларының айтқанынан шықпайтын. Екіншіден, бұрын ен далада емін-еркін өмір сүрген тәуелсіз қазақ басқаның, жатжұрттықтардың ықпалына көнгісі жоқ еді. Сол себепті екіұдай пікірдегі ел билері мен батырлары бір-бірін сабырға шақырып, «Қара орысты көргенде, сары орысты көкем дерсің» дегендей, ақыры ортақ мәмілеге келеді. Шынында да, әуелі жоңғарлардан, кейінірек қоқандықтардан, хиуалықтардан ел-жұртты біржола азат ету үшін олардың осындай орайлы сәтте орыстарға ант беруіне тура келді. Жоғарыдағы 1786-1787 жылдары ант беру қағазына бармақ басып, мөр таңбалағандары осы кезең шығар деп ойлаймыз.
Өсіп-өнген Шекті руының 8000 үйінің атынан ант беруге қатысуы Нұрбай бидің тегін билік иесі емес екенін аңғартады. Осы жерде о кісі де аталған антқа қол қойған 50 бидің қатарында бір ғана мақсатты көздегені аян. Ол мақсат: алым-салықты шамадан тыс көбейтіп, ел-жұртты қан қақсатқан хан құрығынан біржолата құтылу болса керек. Ақыры, әрісі Жайық пен Атырау, Нарын, Ақтөбе, берісі Арал, Қазалы, Ырғыз маңайында мамыражай мал бағып, түтін түтетіп, бейбіт күн кешкен Кіші жүз қазақтары дегеніне жетті.
Нұрбай бидің 8 мың түтіні ол заманда аумақты, ауқымды үй саны болатын. Елдің ауызбірлігін жоғалтпай, ынтымағын ыдыратпай ұстау кез келген билер мен сұлтандардың қолынан келе бермесі ақиқат. Матығұл Нұрбай бидің қарамағында сол заманда 8000 үйдің түтін түтетуіне қарап, жер көлемінің де ауқымды болғанын аңғаруға болады. Қазақ қазақ болып жаратылғалы «бір бала – кіріс, екі бала – дұрыс, он бала – ырыс» деген сөздің шығуы тегін емес. «Он үште отау иесі» атап, әр баласын бөлек шаңырақ иесі етіп шығарып, алдына мал салып, иелігіне малшы, жалшы берген. Бұл адамдар байдың төрт түлік малын белгіленген өрісте, құдық басында, жаз жайлауда, қыс қыстауда бағып, әулеттің үйішілік шаруашылығын да дөңгелетіп отырған. Олардың үстінен байдың інілері, бауырлары, бәйбіше-тоқалдары, балалары басқаратын. Мысалы, Нұрбай бидің шаруашылығы туралы сұрағымызға қазіргі көзі тірі, жасы тоқсанның төріне шыққан Ысқақ Біданов ақсақал былайша жауап қайтарды:
– Мынау Көнебөгенде заманында кімдер қонып, кімдер көшпеген. Керек десең, осы аймақта атынан ат үркетін ноғайлының Орынбет биі де бір заманда билік құрыпты. Ал сен сұрап отырған Матығұл Нұрбай бай (би) біздің арғы атамыз Тоғыспен бірге аталас туыс болып саналады. Бір уақытта Арал-Қазалы еншісі бөлінбеген, «төсекте басы, төскейде малы қосылған» біртұтас өңір болыпты. Әлі де солай. Сол кездері Нұрбай бабамыз Көнебөген, Бөген аймағын жайлапты. Бөгеннің ескіше аты – Қалия. Бұл Нұрбайдың бәйбішесінің, ал Көнебөгеннің төңірегіндегі «Ақбике», «Маржан басат», «Тоқал» атты жер-су атаулары басқа әйелдерінің есімімен тығыз байланысты екенін осы табандағы ел-жұрттың көнекөз қариялары айтып отырғанын құлағым шалды.
Біздің айтайын дегеніміз, байдың жоғарыдағы бәйбішесінен бастап өзге әйелдеріне дейін осы жердегі түйе, жылқы, сиыр және қой-ешкі шаруашылығын басқарыпты. Әңгімеміздің ретінде Қосуақ деген баласының Сырдың Бекетай үйтамы, «Стан» жағасындағы аралға тоқты бақтырып, ол аралдың «Тоқты арал» атанып кеткенін сол араның халқы жақсы білсе керек. Міне, осылайша мыңғыртып мақ баққан, дәулетіне сәулеті сай, әрі бай, әрі би болған Матығұл Нұрбай бабамыздың қоластындағы 8 мың үйді (әр үйде орта есеппен 5 жан болғанда, 8 мың үйде 40 мың жан тіршілік етеді екен) қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, сол алмағайып заманда тіршілік тізбегіне қосқандығы туралы аңыз аз емес.
Ойлап отырсақ, 40 мың жан қазіргі бүкіл Арал қаласының халқына пара-пар екен. Ал осынша халықты жаугершілік кезеңнен, руаралық тартыстан, жоқшылық пен жұттан, тарыдай шашыратпай, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тәуелсіз күндерге жеткізген Нұрбай бидің есімі Сыр бойы тарихынан өшпестей ойып орын алуы тиіс.
Толыбай Абылаев
Қызылорда облысы,
Арал ауданы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *