Айдарбек баба

 

Ақирек, Ақбайды о заманда Айдарбек бабамызбен бірге қарақалпақтың ірі шонжары қатар жайлап отырған кезең екен ол. Бабамыз үнемі төрт түлік малының көпті­гінен жер иесі қарақалпақ байына жағдай айтып, малына өріс сұрайды екен. Ақы­сына малдай салық төлейді. О кездері жер бірінші байлық саналған. Малың көп бол­ғанмен, жерің болмаса, оны қайда сыйғызасың, қайда жаясың?

Жылда көктем шыға Торғай, Ырғыз бойына төрт түлік мал қамымен көшіп, күзге салым­ Ақирекке оралатын бабамыздың жер сұраудан әбден ығыры шығады. Өйт­кені, жыл сайын қарақалпақ байы жеріне мал жайғаны үшін бабамыздан салық есебінде мал алып отырады екен. Сонан күндердің бір күні батыр баба Татыран, Алтын­бай, Күлік, Ардана атты төрт ұлымен олай ақылдасады, былай ақылдасады, мақсат қарақалпақтан қа­лайда түпкілікті мал жайылымына көлемді жер алу болат­ын. Сөйтіп, бабамыз төрт ұлына өзінің көкейінде көптен жүрген әлгі мәселесін ұсынады. Бірақ, оны қалай, қайтіп жүзеге асырмақ?

Енді бар мәселе жерді мәңгілікке алуға тіреледі. Төрт баласы күшпен тартып аламыз десе де, батыр оған қия бастырмайды. «Болмайды, кейін дау болады. Сондықтан, біз мәңгілік жер иесі атану үшін қарақалпақтан малға айырбастап сатып алуым­ыз керек» дейді. Төрт баласы «ойбай, осынша жерді сатып алуға түгіміз жете ме?» деп бас шайқасады. Сонан, ұзақ ойланған бабамыз ер­теңіне бәйбішесіне «үлкен ақ киіз басыңдар» деп, дереу тапсырма береді. Көп ұзамай көлемді киіз дайын болғанда, төрт баласын шақыртып, төртеуін соның үстіне жай­ғастырады. Сөйтіп, киіз үстіндегі төрт ұлының отырысын өзі сырттай бақылайды. Бір қызығы, шамадан тыс үлкен киізді көшіп-қонып жүргенде екі түйеге қатар артады екен.

Сонымен, төрт баласы ержет­кенде «мен қарақалпақтың жерін сатып аламын. Әйтпесе, өрісіміз малға тар, мал көп» деп, балаларына сауал­ тастайды. О кездері баба­мыз Ақиректің басын жайлап отырады екен. Сонан қарақалпақты алдыртып «саған­ жылда салығыңды төлеп отырмын, қарызым жоқ, малға сатып аламын, қанша мал сұрайсың» дейді. Қарақалпақтың байы қона жатып «малға келістім» дейді. Дейді де, өзі адамдарымен ақылдасып «бұл Айдарбек батыр­ екі жүз бас малға сұрап тұрған шығар жерімді» дейді. Сөйтіп, «үлкен шұңқырды малға толтырып берсең, келісе­мін» деп міз бақпайды. Айтқ­ан шұңқырының о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін орасан көлемді екен. Бұл 1992 жылы Жанқожа батырға ас берілген үлкен шұңқыр бо­латын. «Жарайды, осы талабыңды орындап, көп мал берсең, осы жерден дарияға дейінгі жер сенікі. Ар жағы менікі» деп келісімге келетінін аң­ғартады. Бабамыз төрт бала­сы­мен ақылдаса келе, қарақалпаққа «мақұл» деседі. Бұл шұңқырға мал толтыру кез келген байдың қолынан келмесі анық еді. Бабамыз болса да өте малды, дәулетті адам болғандықтан, балаларына о жақ, бұ жақта аяғымен жайылып жүрген малдарын түні­мен айдатып әкеліп, әлгі шұңқырға құлатқан көрінеді.

Таңертең уәде бойынша бабамыз қарақалпақтың байы екеуі қазан шұңқырға келсе, жер қайысқан төрт түлік мал иін тіресіп тұрған екен. Сол кезде балалары Айдарбек батыр­ға «әке, сонда осынша малды бергенде өзімізде не қалады, не істейміз?» десе керек­. Бабамыз сонда «келешек жерде, мал басқа бітеді» депті. Сөйтіп, қарақалпақпен «мал — сенікі, жер — мені­кі» деп бата алысады. Сонан кейін, қарақалпақ байына «сен енді бір ай біздің ауылда қонақ боласың, арамызда ешқандай өкпе-реніш болмау керек» деп айтылған мерзімде­ төбесінен жай, төрінен орын береді. Қатты риза болған қарақалпақ бабамызбен қимай қоштасады.

Кең-байтақ жерге еге болған бабамыздың баяғы үлкен киіздің үстіне төрт баласын отырғызып сырттай сынағандағы ойы, әрқайсысының тіршілік бейімін, ой-өрісін, кісілік деңгейінің шама-шар­қын білу екен. Солайша, үлкен ұлы Татыранды Жаңақұрылыс жаққа, Күлікті теңіз бетке, Ардананы Шөмішкөл, Тастүбекке жайғастырады. Себебі, Ардана қай жерге егелік етсе де, пісентті баласы­ екен. Ал, Алтынбайға ата қоныс Ақиректі аманат еткен көрінеді. Алтынбай тұғырлы болған екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *