Жетес би

Ұрпақтарының айтуынша, Жетес бидің бойында көріпкел, сәуегейлігі де болыпты. Сөзімізді мына мысал айғақтайды.
Бір отырыста биден ауыл ақсақал­дарының бірі:
– Кімнің ажалы кімнен, неден келеді? – деп сұрапты. Сонда Жетес:
– Басқаларыңды қайдам, осында отырған үш болыс таяққа жығылып қайтыс болады, – депті.
– Астапыралла! Олар кімдер екен? – деп жағасын ұстаған ақсақалға:
– Біреуі мынау отырған Төртқара болысы. Екіншісі, Шолан болыс немесе оның ағасы Есенаман. Үшіншісі, менің жанымда отырған Шыманның Мырзағұлы, – депті.
Қымызға қызара бөртіп алған игі жақсылар “ой, Жетекең айта береді” деп оған онша мән бермей тарап кетеді.
Арада біраз жылдар өтеді. Қыз-келіншектерге көбірек қырындап, түн қатып, үйді-үйдің босағасын сығалап жүрген Төртқара болысы қызғаныштың кесірінен таяққа жығылып, дүниеден қайтады. Екі ел арасындағы төбелестен Шолан болыс пен оның ағасы Есенаман сойылға жығылып, Шолан ауыр жарақаттанып аман қалады да, Есенаман жазым болады.
Кіші жүз алтын елінде сол атырапқа әншілік, салдық, батырлық атағы жайылып кеткен Батақтың Сарысы деген сері жігіт болады.
Баласы мен Батақтың, атым – Сары,
Дейтұғын “сары, сары” жұрттың бәрі.
Мырзағұл шырақ алып түсті соңыма
Оның да мендей болсын балалары, – дейтін әні елден-елге тарап кеткен сол сары салға бұрыннан өшігіп жүрген Шолан мен Мырзағұл “Есенаманның өлімі Сарыдан болды” деп жала жауып, солдат шақыртып, Ырғыз түрмесіне жаптырады. Расында, Есенаманның ажалы одан емес еді. Жетес бидің: “Шолан болыс, не оның ағасы Есенаман сойылдан жығылады”, – деп болжауының мәнісі осы.
Ал 18 жасынан Қызай еліне болыс боп сайланған Шыманның Мырзағұлы ақкөңіл, кеңпейіл, дастарқанды екен. Еліне ұнамды болыс ұзақ жыл ел тізгінін ұстаған. Бірде бір ақсақал қартайып қалған Жетес биге:
– Жетеке, сіздің алғашқы екі болжамыңыз келді, ал Мырзағұлға келгенде жаңылдыңыз ғой, – депті. Сонда Жетес би:
– Жоқ, мен жаңылмасам керек. “Дастарқан киесі” деген болады. Мырзағұлдың пейілі кең, дастарқаны мол. Таныса да, танымаса да, әрі өткен, бері өткенді үйіне түсіріп, ас-су беріп, сыйлап жібереді. Оны осы кең пейілі сақтап жүр. Дәм-тұзы таусылғанда ол да жөнеледі. Бұл жалғанда мәңгілік өмір жоқ. Бәрі өткінші дүние ғой, – депті. Жетес би айтқандай, Мырзағұл да ушыққан бір дау үстінде соққыға жығылып, түрмеге түсіп, сол мұңнан арыла алмай, қайтыс болған көрінеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *