Копальхен

Жер шарының суық солтүстік бөлігін мекен еткен бірқатар жұрттың сүйікті асы — «копальхен» туралы.

Білгіштердің айтуынша, семіз әрі ірі бұғыны бірнеше күн жемдемей, жеке ұстап, ішек-қарыны қан-жыннан тазарды-ау дегенде.., буындырып өлтіретін көрінеді. Сосын, бұғыны тұтастай қорс балшыққа батырып, үстінен мүкпен, шырша бұтағымен, таспен бастырып, бірнеше айға тастайды. Уақыты келгенде, қазып алып, жейді-мыс…

Копальхенді даярлаудың тағы бір тәсілі — жаз маусымында моржды не итбалықты өлтіріп, мұздай суға салып, іші-бауырын мұздатады да, жақсылап тұрып ауасын шығарады.., сосын, оны судың ағысы толастамайтын жерге құмқайырға көміп, үстін таспен бастырады. Кейін, желтоқсан айында оны қазып алып, төрт көзі түгел отырып жейді.

Ұзақ мерзім сақталып, өз сөлінде жіпсіп тұрған копальхеннің етін қиялай турап, тұздыққа матырып, шикідей жейді екен…

Жастайынан мұндай етті жеп өскен Сібір жұрты үшін копальхен тек сүйікті дәм ғана емес, онысыз адам бойындағы күш-қуатын жоғалтатын ұлттық нәр, құнар да көрінеді!..

°°° ° °°°
Бізді бұл деректің қызықтырар тұсы — «копальхен» атауының шығу тегі мен белгілі бір маусымда тұтынып, Сібір жұртының әл-қуат жинауы. Бізге беймәлім әрі бөтен табиғатта кездесетін түрлі сырқаттар мен кездейсоқ жағдайлардың дауасы болған бұл тағам өзіміздің — соғымды, сүрлеп сақтаған етті және «көмілген» деген атауды еске түсіреді.

Қазақтың түп жұрты боп есептелетін кейбір сібірліктердің тілдік ұқсастығын ескерсек, біздің бабалар тұтынған «көмбе», «жаппа» деген тағам түрлерін ойға алсақ, сөз жоқ, копальхен адам баласының (оның ішінде Сібір аймағын бағындырған түрік миллетінің) ұрпақ сақтап қалуы үшін және күш-қуатын жоғалтпас үшін табиғаттың өзі мәжбүрліктен тудырған жеңсік асы болмай ма?!.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *