Эйнштейн ақсақалдың тілін шығарып тұрған әйгілі суреті оның 72 жасқа толған мерейтойы күні түсірілген екен. Әріптестері ұйымдастырған қонақасыда ол Артур Сассе атты кәсіпқой фотографпен танысады да, әлгі Артур Эйнштейнді бірнеше мәрте сүгіретке тартады.
Кеш аяқталып, қонақтар тарқаған соң, әбден сілесі қата шаршаған Эйнштейн мәшинесіне отырып, үйіне қайтпақ болған. Сол кезде фотограф мәшиненің есігін ашып, әйгілі ғалымды тағы бір мәрте суретке түсіргісі кеп, аппаратын сайлап тұра қалады. Ұзақ-сонар қонақасыдан шаршап, үйіне тез жетуді ойлаған қиқар шал фотографтың «қане, ыздиып отыра қалыңыздар!» дегеніне наразы боп, тілін сумаң еткізген.., аппарат шырт ете қалыпты…
Бірер күннен кейін фотограф Эйнштейнге мерейтойда түсірген суреттерін жібереді. Ғалым шалға соңғы кадр, әлгі тілін шығарған сурет қатты ұнапты. Ертесіне дәл осы суреттің 9 данасын шығарып беруге тапсырыс береді. Сосын тағы да бірнешеуін.., тағы да. Сөйтіп Эйнштейн достарына құттықтау жіберсе де, хат жазса да осы суретті қоса жолдап отырған.
Алғаш Артур Сассе бұл суретті International News Photos Network жорналына шығармақ болғанында, басылым редакторы бастаған топ наразы болып, арнайы жиналыс ашып, әжептәуір келеңсіз жағдай болған екен. Басылым басшылығы тек қана әйгілі ғалымның осы суретті жақсы көргенін білгеннен кейін ғана, жариялаған. Кейін Эйнштейннің мұрагерлері бұл суретті көбейту құқығына ие болады, алайда, бұл сурет сан миллиондаған тиражбен бүкіл әлемге тарап кеткен еді.