1989 жылы мамыр айында өткен КСРО Халық депутаттарының бірінші съезінде КСРО әнұраны орындалғанда бүкіл зал тік тұрып.., тек академик Сахаров қана орнынан тұрмаған еді. Жиын соңында одан не себепті гимнге құрмет көрсетпегенін сұраған екен, сонда әйгілі академик «Маған бұл гимн мүлдем ұнамайды!» деп жауап беріпті. Сол жылдың желтоқсанында ол кісі көз жұмды…
Кеңес одағының ұстанған саясаты мен құрған жүйесіне наразылық ретінде аштық жариялаған академикті сол кездегі билік 1984 жылдың 7-мамырында Горький ауруханасына мәжбүрлеп жатқызып, 4 ай бойы дәрі-дәрмектің күшімен, арнайы бақылауда ұстап, алған бетінен қайтармаққа тырысқан.
Сексенінші жылдың басынан билікке наразы болған ол 3 бірдей ұзақмерзімді аштық жариялады. Әлем таныған ғалымның бұл әрекеті дүниеге тарап кетпес үшін билік оны сырт әлемнен оқшаулап, күндіз-түні аңдып, реті келсе күштеп тамақтандырмақ та болды.