Португалия диктаторы

Антониу ди Салазар деген Португалияның диктаторы билік басында аттай 36 жыл отырған. Тағына таскенеше жабысқан бәле өле-өлгенше елдің премьер-министрі бола отырып, бүкіл билікті бір өзінің қолында ұстап, ойына келгенін істесе керек.

1968 жылы қақбас Салазар ваннадан шығып келе жатып, аяғы тайып құлайды. Содан миына қан құйылған. Билік маңындағы шенеуніктер оны «әні-міне өледі ғой» деп ойлайды. Ол ауруханада ес-түссіз жатқанында, ел президенті Америку Томаш.., бір кездері диктатордың қолбаласы болған Томаш Салазарды қызметінен босатып, оның орнына Марсел Каэтан деген шенеунікті тағайындауға үкім шығарып үлгереді.

Біршама уақыт өткеннен кейін жанысірі Салазар есін жияды. Биағалар оған енді биліктен кеткенін жеткізе алмай сасады. Әбден жалтақ боп қалған министрлер, амал жоқ, табан астында әртіске айналып, саяси-сахналық ойынға кіріседі.

Құдайдың құтты күні, пәпкесін қолтықтаған министрлер мен әкім-қаралар төсек тартып жатқан «ұлт лидерінің» палатасына кеп, «есеп» беретін болады. Елді қанқақсатқан диктатордың әлі де дәурені жүріп тұрғандай, барлық шенеунік алдамшы реформалар жөнінде ақылдасуға, тапсырма алуға келіп жүреді. Тіпті, бірнеше рет ауруханада, Салазардың төсегін қоршалай отырған министрлер кабинетінің мүшелері үкіметтік жиналыс та өткізеді.

Бейшара Салазар 1970 жылға дейін, жүрегі тоқтап, бақилық болғанша өзінің орнынан түсіп қалғанын, бір сөзбен айтқанда, «тірі өлік» екенін білмей кеткен көрінеді.

Ал, басшысын да, халқын да алдап дәніккен Марсел Каэтан мен Америку Томаш билік басында тағы да 4 жылдай отырып.., халық көтерлісінде тақтан тайдырылып, Бразилияға жер аударылғанша «әртістікпен» тышқаншылап күнелткен секілді…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *