Аспанда атқан оқтай құс ағады,
Еске сап қасиеттi нысананы.
Қанатын сол қыранмен бiрге қағып,
Қиялы қияндарға ұшады ары.
Кеткендей елес берiп әлгi қыран,
Қайыспас қайсар ердiң тағдырынан.
Шыққан күн көкке өрмелеп бара жатты,
Әлемнiң алтын зерлi сандығынан.
Суырмай бұлттар бүгiн алдаспанын,
Шыңдар да құра қапты малдастарын.
Қаз-қатар қолын жайып, бата берiп,
Тiлеуiн тiлегендей марғасқаның.
Көз тiктi көк тiреген Талғар шыңға,
Асқар жоқ одан асқан алды-артында.
Биiкке бiр шықпаған бейшаралар,
Тәккаппар таудың сырын аңғарсын ба?
Шығатын ең шыңына шыдағандар,
Арманның шырқауындай мына заңғар.
Бiржола құз түбiнде қалады екен,
Биiктен басы айналып құлағандар.
Тимеген сауырына пенде аяғы,
Орнында Хантәңiрi сол баяғы.
Тәңiрдiң тақытындай аспандағы,
Асқақтап тұрған шығар тау нояны.
Жұлдыздай жарқырамай бiр кемерден,
Жалғанның қызығына кiм кенелген?
Жорып тұр жақсылықтың нышанына,
Ғажапты түсiндегi түнде көрген.
Түрi бар ‘‘Қарасайлап!‘‘ қонған атқа,
Ешкiм жоқ оң қанатта, сол қанатта.
Түседi Көктiң нұры шағылысып,
Қолында жарқылдаған шарболатқа.
Тұлпардың тұяғынан жер сөгiлiп,
Алдынан жау қашады төңкерiлiп.
Үн қосып ұрандаған даусына,
Жан-жақтан құйылады ел төгiлiп.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ