Алысса ауыздықпен арда көңiл,
Тартуға қайғы деген арба жеңiл.
Қобызға үнiн қосып күңiренедi,
Ежелгi Қазтуғаннан қалған Едiл.
Созылып сор өзенi содан берi,
Арнасы аққан сайын тереңдедi.
Ойласа Орынборды опынатын,
Алаштың арысы мен кемеңгерi.
Жер қайда қиып алып қылғытпаса,
Шындыққа шара бар ма шыр жұқпаса?
Қазақтың астанасын аярлықпен,
Ақмешiт, Алматыға сырғытпаса?
Жендеттер жаралғалы кiмдi аяпты,
Көгендеп кәрi-жасты бiрдей атты.
Кәмпеске, ашаршылық, отыз жетi-
Кiнәсiз халық қаны судай ақты.
Қорқаудың қиянаты ел есiнде,
Ойнаған төрт аяғы төбесiнде.
Аштық пен оқтан қалған ақ сүйектер,
Ғасырдың көлденең тұр өңешiнде.
Не керек қайран елiн еңiреттi,
Өлгеннiң орнына әкеп егiн ектi.
Қараса, тарих бетi таңдақ-таңдақ,
Түскендей жазылмайтын темiреткi…
Саңқ еттi Алатаудың мұзбалағы,
Жаңғырып жартас бiткен, құз қарады.
Шарықтап шырқау көкте жүрдi-дағы,
Бетке алып тартып кеттi түз даланы.
Тұр мiне, Үшқоңырда-өзi шыңда,
Ақиық барады ағып көз ұшында.
Қыранды құс патшасы деп атайтын,
Айналды бұрынғының сөзi шынға.
Ақиық Алатаудың иесi ме,
Көк аспан соған ғана тиесi ме?
Сияқты Абылайдың ақ бурасы,
Көрiнген әлде өзiнiң киесi ме?
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ