Орыста Никита Богословский деген мықты композитор өткен. Айтқыштығы, дәулескер музыканттығы, жазушылығы, ғалымдығы өз алдына бір-бір төбе. Баяғыда соғыс туралы кинода айтылатын «Тёмная ночь» деген керемет ән болатын, соның авторы.
Сол Богословский өзінің бір естелігінде айтады:
«Бала күнімде, Ленинградта, телефон анықтамалығында «Ангелов Ангел Ангелович» деген адам болатын. Нөмірін теріп, «Шайтан Шайтановичты» бола ма екен?» деп, сықылықтай күлуші едім. Арғы жақтан мені балағаттаған ашулы үн естіліп, бұрқ-сарқтан кейін телефон тұтқасын тастай салушы еді…
Шалдуарлық қой, сол кезде менің бұл әрекетім қалжыңның керемет үлгісіндей көрініп, өзімше мәз болушы едім. Балалық-ай, десеңізші…
Арада елу жылдай уақыт зырылдап өте шықты. Тағы да туған үйдемін. Петербургте. Ескі телефон анықтамалығын қолға алып, парақтап отырмын. Бір кезде «Ангелов Ангел Ангелович» деген абонент көзіме оттай басылды. Заматта бал-бұл жанған бала күнім көз алдымнан жүгіріп өте шықты.
Бір тәтті күйдің жетегінде отырып, әлгі нөмірді қалай теріп жібергенімді білмеймін. О, ғажап, арғы жақтан біреу телефон тұтқасын көтерді. Үнсіз тыңдап тұр. «Шайтан Шайтановичті бола ма екен?» деген сөз аузымнан еріксіз шығып кетті. Бір кезде арғы жақтан «Сен әлі тірі ме едің, оңбаған?!» деген қарияның қарлығыңқы дауысы естілді…