Виктор Шендерович дейтін ресейлік журналист, прозаик, теле-радио жүргізушісі һәм сатирик бар.., сол айтады.
— Бірде Қонаевтың кабинетіндегі Орталықпен тікелей жалғанған сұсты телефон безектеп қоя беріпті, — дейді. — Қазақстан басшысы тұтқаны көтерсе, арғы жағынан Брежнептің еріні бірер рет сылп-сылп ете қалыпты да, «Шураға тиіспе!» деген екі-ақ ауыз сөз айтып, тұтқаны тастай салыпты.
Димекең тіксініп қалады да, дереу республикалық КГБ-ның бастығын өзіне шақыртып алып, «Шура деген кім, еркек пе, әйел ме? Оған не боп қалды? Тез арада анықтаңдар!» деп тапсырма береді.
КГБ-ның анықтауынша, бірер жыл бұрын Брежнеп жолдас Қазақстанға келіп дем алып, емделген екен.., сол кезде Бас хатшы Медеуде кастелянша боп жұмыс істейтін Александра П. деген қатынмен әуейі болыпты. «Шура» дегені сол қатын көрінеді.
КСРО-ның «бас қошқарымен» ашына болған жаман қатын есіріп кетсе керек, мінез-құлқына байланысты жұмыстан шығып қалған. Ол сайқал да қарап жатпай, тұп-тура Кремльге телефон шалыпты. Қонаевқа соғылған қоңыраудың мәнісі сол екен…
— Содан кейін, — дейді, Шендерович, — Әлгі Шура деген қарғысатқыр қатынды жұмысына қайта алмақ түгілі.., өмір бойы Медеу комплексі директорының орынбасары қызметін атқаратын құқық беріп, көзге көрінбейтін бұлжымас заң қабылданды. Аш құлақтан тиыш құлақ деген шығар…