Бәрi де бiткенi ме шыныменен,
Деп пе едi шыныменен мұны көрем?
Алматы өртке оранып түнiменен,
Көкке ұшып кетер ме екен күлiменен?
Алматы қалтырайды сұрқы қашқан,
Мәскеудiң мысы басып мылтық асқан.
Намыстан назаланды Мұқағали,
Үндi естiп шыңыраудан шырқырасқан.
Күңiрентiп түсiргенде көктен менi,
Халқымның осы ма едi жеткен жерi?
Жағасын жалпақ жұрттың қандағанда,
Шетiнен iнге кiрiп кеткен бе ерi?
Байланып қалған ба әлде тасқа бәрi,
Жұбаннан қайда мұның басқалары.
Кiрмейдi көрге неге қаптаған шал,
Бергенше қойдай тiзiп жас баланы?
Айтпақшы, Олжас қайда, Олжас қайда?
Алыптың жағасына жармаспай ма?
Көрмесе қорланғанын қалың елдiң,
Жанарын ақындардың шел баспай ма?!
Шырматып қол-аяғын албастыға,
Шегелеп тастады ма Олжасты да?
Аруағы көтерiлген халқым менiң,
Түнектiң түсе қоймас ендi астына.
Кенеттен, уа, құдiрет, тiрiлер ме,
Көрсетiп өрт шалғандай түрiн елге?
Құлаған баудай түсiп боздақтардың
Орнына өзi барып тiгiлер ме?
Булықты бәрiн көрiп, бәрiн көрiп,
Жан алып жатыр жастар, жанын берiп.
Армансыз бiр шайқасып арсыздармен,
Қайтадан кетер ме едi қолында өлiп?
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ