Шұбырған қаралы көш шаң бередi

Шұбырған қаралы көш шаң бередi,
Еңiреп көш соңында шал келедi.
Қосылып Нысанбайдың дауысына,
Жоқтайды қара қобыз Хан кененi:
Қырсық түспей желкеден,
Зар төгемiн ертеден.
Қызыл тiлiм–қара қыл,
Көкiрегiм–шер-шемен.
Опасы жоқ жалғанның
Жал-құйрығы келтеден.
Боздағанда шанақпын,
Үнсiз қалсам-қалақпын.
Ақсұңқардың баласын,
Құзғындарға талаттым.
Бүйтерiң бар, құдайым,
Баста несiн жараттың.
Шанақ емес-қобызбын,
Қайғыменен егiзбiн.
Хас тұлпардың тұқымын,
Қасқырларға жегiздiм.
Алтын басын табам ба,
Түбiн тiнтсем теңiздiң?
Қара түнмен таластым,
Хан иемнен адастым.
Ханмен бiрге құлады,
Азаттығы Алаштың.
Отқа жансам болмай ма,
Қобыз емес–ағашпын!
Ағаш емес–қазақпын,
Көп емеспiн аз-ақпын.
Қара жердiң үстiнде,
Астындамын тозақтың.
Кiсiнеуiн қарашы,
Хан ием мiнген боз аттың?!
Аңыраған ащы зардың жалғасы кеп,
Жартасқа соғылады Алласы жоқ.
Ақындар күңiренедi Абай бастап,
Көбiнiң кеудесiнде қорғасын оқ.
Ақындар не кешпеген, не көрмеген?
Көрiп тұр қан-қасапты көген деген.
Келiп тұр бұлттай боздап Асанқайғы,
Ақ басты желмаясын шөгермеген.

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *