МҰҚАҒАЛИ-ЖЕЛТОҚСАН

..Шама жоқ Жаратқанмен таласатын,
Қарсы алар жiберсе де ғарасатын.
Есiгiн екi дүние кезек ашып,
Кезiп жүр кең жаhанды елес-ақын.
Пәнидiң шақырды ма зобалаңы,
Жұмақтан жерге қарай домалады.
Зәнталақ не болады,
Не болады,
Жалғасса жан азабы одан ары?
Түнекке аттанғаны–әлдеқашан,
Жасаған, жарар едi алдамасаң?
Көрiнбес құдіреттiң ғайып құсы,
Қалықтап түсер екен жерге қашан?
Белгiсiз–пәниде ме, бақида ма?
Килiктi шым-шытырық уақиғаға.
Тынымсыз шырайналған өмiр-өлiм
Ұқсайды сиқырлы бiр сақинаға.
Соғады қайда апарып мына сүрең,
Дүние алмаса ма расымен?
Қайтадан Алматымен жүздесе ме,
Шөл басып қызыл-күрең сырасымен?
Әйтеуiр көрiссе екен,
Көрiссе екен,
Жыласып Қарасаздың тұмасымен.
Құдай-ау, шығып кеткен көкке неге,
Мұны әлде жер-бесiгi жек көре ме?
Бақиға бауырыңнан ұшып кеткен,
Балаңа, ей, Алатау өкпелеме!
Кеңсайда жатыр әне тас құндағы,
Тiл қатпас тас түнектiң астындағы.
Жалғаннан жаhаннамға өткеннен соң,
Тамшыдай танылмай тұр тасқындағы.
Бөлiнген жаны мұнда, тәнi қайда?
Шынымен өзiн-өзi танымай ма?
Киесi қасиеттi өлең-жырдың,
Иесi ұлы рухтың қалың ойда..

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *