Бір жолы Пастернактың саяжайындағы көршісіне ұры түсіпті. Әйел, бала-шағасы Борис ақынға бір амал жасап, ұрының алдын алуын сұранған екен, жазушының қолынан не қайла келсін.., отыра қалып, ұрыларға хат жазыпты.
Үйіндегі бар ақшасын жиып алып, конвертке салады да, хат жазып, оның сыртына үлкен әріптермен баттитып «ҰРЫЛАРҒА!» деп жазып қояды.
Хаттың мәтіні қысқаша былай болған көрінеді:
«Құрметті, ұрылар!
Мына конвертке сіздер үшін деп 600 сом ақша салып қойдым. Бұл — мендегі бар ақша. Үйді астаң-кестеңін шығарып, басқа байлық та, қазына да іздемей-ақ қойыңыздар, бәрібір ештеңе таппайсыздар! Тып-тыныш, ақшаны алып, кете беріңіздер! Солай етсеңіздер, маған да, сіздерге де ыңғайлы болар еді.
P.S. Ақшаны санап алуларыңызға болады!
С/н: Борис Пастернак.»
Сөйтіп, конвертті саяжайдағы үйдің кіреберіс бөлмесіне, айнаның алдына қойып қояды. Ұрылар жуық арада келе қоймайды. «Иесі» келмеген соң, Пастернактың әйелі әлгі конверттен анда-санда керегіне ақша алып, артынша орнын толықтырып қоюды әдетке айналдырыпты…
Бір күні Пастернак конвертті ашып, ақшаны санап кеп жіберсе, бірнеше сом жетпейді дейді. Дереу отбасы мүшелерін жинап алып, ұлы айғайға басыпты.
— Сендер не, менің ұрыларымның ақшасынан алып жүрсіңдер ме?! Сонда, сендер менің ұрыларымды тонап жүрген болдыңдар ғой?! Ал, олар бүгін түнде келіп қалса, не болады?! Мен оларға не бетімді айтамын?! Сендерді менің отбасым тонап кетіпті деймін бе?!.
…отағасының осы айғайынан кейін, әйел, бала-шағасы аяқтарының ұшынан жүріп, ұрылардың «үлесін» толықтырып қойған көрінеді. Алайда, бұл конверт «заңды иелерінің» қолына тиместен, ұзақ жатып қалыпты…
…ұрылар Пастернактың үйіне мүлдем бас сұқпаған деседі…